14 шілдеде Қазақстанда +45 градусқа дейін аптап ыстық болады

14 шілде күні Қазақстанның кей өңірлерінде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ жауса, енді бір аймақтарда 45 градусқа дейін аптап ыстық болады.
Синоптиктердің болжамы бойынша, елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда қатты жауын-шашын, бұршақ жаууы және екпінді желінің күшеюі күтіледі.
Тек оңтүстік өңірлерде ғана күн ашық болады. Сонымен қатар республика бойынша желдің күшеюі болжанып отыр.
Жаңбырлы ауа райымен қатар, бірнеше өңірді қалыптан тыс аптап ыстық басады.
Күндіз ауа температурасы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарында +35…+39 градусқа дейін көтеріледі. Ал Жамбыл облысында аптап ыстық +42 градусқа жетсе, Түркістан және Қызылорда облыстарында термометр бағаны +44 градусқа дейін жоғарылайды.
Ең күрделі жағдай Маңғыстау облысында, Ұлытау облысында, Жетісу, Қарағанды және Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында күтіледі. Бұл аймақтарда аптап ыстық +45 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Бұған дейін «Қазгидромет» шілде айына арналған ауа райы болжамын жариялаған еді. Синоптиктердің мәліметінше, Астана мен Алматыда температура жиі өзгеріп, жаңбырлы күндер көп болады.