Экономика

Доллар бірден 5 теңгеге арзандады

Доллар бағасы төмендеді / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

14 шілде күні Астана уақытымен сағат 12:07-де KASE-дегі доллар бағамы 467,23 теңгені құрады. Бұл дүйсенбідегі сауда қорытындысымен салыстырғанда 5,47 теңгеге төмен.

Аптаның алғашқы сауда күнінде доллар бағамы 472,7 теңге деңгейінде жабылған еді. Осылайша, сейсенбі күнгі сауда барысында теңге долларға шаққанда шамамен 1,2%-ға нығайды.

Алматыдағы ақша айырбастау орындарында долларды 467-468 теңгеден сатып алып, 470-472 теңгеден сатып жатыр.

Валюта сату талабы жойылады

2024 жылы үкімет пен Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандырып, ұлттық валютаға қолдау көрсету үшін шетелге шикізат сататын ірі компанияларға доллармен алған табысының 50 пайызын KASE-де сатуды міндеттеген.

Өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов енді компаниялар осы талаптан босатылатынын хабарлады. Өйткені кейінгі 8 айда теңге өзінің тұрақты валюта екенін дәлелдеген.