АҚШ Қаржы министрі Ормуз бұғазы таяу күнде ашылуы мүмкін екенін мәлімдеді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Иран
АҚШ Қаржы министрі Ормуз бұғазы таяу күнде ашылуы мүмкін екенін мәлімдеді / Фото: Shutterstock

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон мен Тегеранның сейсенбі немесе сәрсенбіде-ақ Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қайта бастау туралы келісімге қол жеткізуі мүмкін екенін айтты.

«Біз ирандықтармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз және бүгін немесе ертең бұғазды ашу туралы келісім жасасуға әрі осы қақтығыста қалыпты жағдайға жақындауға мүмкіндік бар», – деді Бессент CNBC телеарнасының эфирінде.

Оның айтуынша, келісім коммерциялық кемелер үшін кеме қатынасының еркіндігін қарастыруы тиіс. Иранның бұғаз арқылы өту үшін ақы алу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере отырып, Бессент сөз дәл навигация еркіндігі туралы болып отырғанын мәлімдеді.

Кейінірек АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранмен және Оманмен келіссөздердің алға жылжып жатқанын растады, бірақ түпкілікті келісімге әлі қол жеткізілмегенін айтты.

«Бұл келіссөздерде ілгерілеушілік бар, бірақ түпкілікті нәтиже әлі жоқ. Біз бұл таяу арада болады деп үміттенеміз», – деді Рубио журналистерге.

Өз кезегінде Қатар СІМ ресми өкілі Маджид аль-Ансари делдалдық күш-жігердің жалғасып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, тараптар шиеленісті азайтуға, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта бастауға және дипломатиялық процеске оралуға баса назар аударуда.

Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздердің қайта басталғанын хабарлаған еді.

Сонымен бірге Иран СІМ ресми өкілі Исмаил Багаи бұған дейін Вашингтонмен келіссөздер жүргізілгенін жоққа шығарып, Тегеранның Ормуз бұғазында кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесі бойынша тек Оманмен ғана консультациялар жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз