Lifestyle

Джеки Чанның Қазақстанда тұратын үйі желіні таңғалдырды

фото: instagram

Аты аңызға айналған актер Джеки Чан Қазақстанда «Құдай сауыты 4» фильмінің кезекті бөлімін түсіріп жатыр. Осы орайда отандық «Dala Edge» креативті технопаркі мәртебелі қонаққа барынша жайлы жағдай жасау мақсатында арнайы жасақталған ерекше жылжымалы үй мен мобильді кеңсені таныстырды.

Актер үшін жылжымалы үйдің ішінде барлық жағдай жасалған. Мұнда актер өз командасымен бірге сценарий талқылап, еркін демала алатын кең былғары диваны бар жұмыс аймағы орналасқан. Сонымен қатар, дәмді тағамдар әзірлеуге арналған пеш, қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш пен ас үй аймағы қарастырылған. Түсірілімнен кейін тынығу үшін кең жатын орыны да бар.

Джеки Чан актер ғана емес, сонымен қатар режиссер әрі продюсер болғандықтан, оның тоқтаусыз шығармашылық жұмысына арнайы Mercedes негізіндегі мобильді автокеңсе де дайындалған. Бұл кеңсенің ішінде жайлы VIP-орындықтар, сценарийлерді бірден басып шығаруға мүмкіндік беретін кірістірілген принтерлер, құжаттар сақтайтын арнайы орындар мен шағын тоңазытқыш бар. Жұмыс барысын бақылап отыру үшін ірі экранды теледидар орнатылған, ал кеңсенің артқы бөлігінде қосымша шағын жатын бөлме мен жеке дәретхана орналасқан.

«Dala Edge : creative tech park» директоры Мақсат Қиқымовтің айтуынша, бұл технопарк Қазақстанда халықаралық деңгейдегі кез келген күрделі жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыруға толық қауқарлы. Олар шетелдік компанияларға «бір терезе» қағидасы бойынша Ішкі істер министрлігі мен жергілікті әкімдіктерден түсірілімге қажетті барлық рұқсат қағаздарын рәсімдеп береді. Сонымен қатар, еліміздің ең әдемі ландшафттарында түсірілім алаңдарын ұйымдастырып, Нью-Йорк фильм академиясында (NYFA) ағылшын тілінде білім алған отандық кәсіби мамандар мен студенттерді жұмысқа тартады.

Оқи отырыңыз: Джеки Чан Маңғыстауға барып, фильм түсіріліміне кірісті