KASE индексі шарықтады: инвесторлар белсенділігі 49 пайызға артқан

2026 жылдың алты айында Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық көлемі 261,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,8%-ға немесе 85,9 трлн теңгеге өскен. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының баспасөз қызметі хабарлады.
Жыл басынан бері KASE индексінің мәні 9,7 %-ға артып, 7 712,53 пункт деңгейіне тұрақтады. Индекс сәкңрде тарихи максимумды жаңартып, 7 972,88 пункт деңгейіне жеткен.
Сонымен қатар, акциялар нарығының капиталдандырылуы 21,9 %-ға немесе 8,6 трлн теңгеге өсіп, жиынтық есепте 47,6 трлн теңгені құрады. Сауда-саттықтағы корпоративтік борыш көлемі де оң динамика танытып, 3,3 % өсіммен 16,8 трлн теңгеге жетті.
2026 жылы 29 жаңа эмитент листингтен өткен. Оның ішінде бір компания акциялар секторына, тоғызы халықаралық KASE Global секторына және 19 эмитент корпоративтік облигациялар секторына қосылды. Осылайша, 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 306 эмитенттің 1 015 атаудағы бағалы қағазы тіркелген.
Акциялар нарығының серпіні жоғары
Бағалы қағаздар нарығының негізгі қозғаушы күші ретінде акциялар сегменті ерекше көзге түседі. Жоғарыда аталған акциялар нарығының капиталдандырылуындағы 47,6 трлн теңгелік көрсеткіштің 2,7 %-ы немесе 1,2 трлн теңгесі дәл осы екінші тоқсанның үлесіне тиді. Оған индекске кіретін қазақстандық компаниялар акцияларының қымбаттауы әсер еткен.
2026 жылғы маусым айының соңындағы деректерге сүйенсек, KASE сауда-саттық тізімдерінде 75 эмитенттің 88 атаудағы акциясы ұсынылған, оның ішінде листингілік емес бағалы қағаздар секторында екі компанияның екі атаудағы акциясы айналымда жүр.
2026 жылдың алғашқы алты айында акциялармен жасалған сауда-саттық көлемі 225,9 млрд теңгеге жетіп, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 38,3 %-ға немесе 62,5 млрд теңгеге айтарлықтай өсті.
Бірінші жартыжылдықта акциялар секторындағы сауда-саттық тек қана қайталама нарықта өтті. Бір күндегі орташа сауда-саттық көлемі 1,9 млрд теңгені құраса, орташа күндік мәмілелер саны 10 024-ке жетті, ал бір мәміленің орташа көлемі 191,0 мың теңге деңгейінде қалыптасты.
Инвесторлар портреті қандай
Акциялар нарығындағы мәмілелердің құрылымын талдау барысында жеке инвесторлардың рөлі өте жоғары екені байқалады.
Мәмілелер көрсеткішінде жеке тұлғалардың үлесі 50,4 %-ды құрап, нарықтың тең жартысын иеленді. Бұл отандық жеке инвесторлардың белсенділігі мен қаржылық сауаттылығының артқанын байқатады.
Сондай-ақ, қазақстандық активтерге деген шетелдік инвесторлардың қызығушылығы сақталып отыр, бұл кезеңде бейрезиденттердің үлесі 11,4 %-ды құрады.