ҚҚС түсімі 42%-ға өсті: бұл 16%-дық жаңа мөлшерлеменің әсері ме

Қазақстанда қосылған құн салығынан (ҚҚС) түсетін қаржы күрт көбейді. Биылғы алғашқы алты айда ҚҚС бойынша мемлекеттік бюджетке 3,85 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,9%-ға, яғни шамамен бір жарым есе көп.
Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Мемлекеттік бюджет кірістері
Оның айтуынша, жалпы алғанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджеттің кірісі шамамен 16%-ға өскен.
«Әсіресе қосылған құн салығы бойынша түсімдердің динамикасына назар аударғым келеді. Қосылған құн салығы бойынша кірістер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе өсті», – деді министр.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықта трансферттерді есептемегендегі мемлекеттік бюджет кірісі 13,2 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде салық түсімдері 12,6 трлн теңгені құрады. Ал ҚҚС бюджетке ең көп қаржы әкелген салықтардың бірі болды.
ҚҚС неге өсіп жатыр?
ҚҚС түсімінің артуына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, елдегі экономикалық белсенділік пен импорт көлемінің ұлғаюы салық базасын кеңейтті. Екіншіден, салықтық әкімшілендіру күшейіп, бюджетке түсетін төлемдердің жиналуы жақсарды.
Сонымен қатар биыл Қазақстанда ҚҚС төңірегіндегі реформа ең көп талқыланған экономикалық тақырыптардың біріне айналды. Үкімет бұрынғы 12% мөлшерлемені 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.
Сондықтан биылғы ҚҚС түсімдерінің айтарлықтай өсуі жаңа 16%-дық мөлшерлеменің нәтижесі емес. Өйткені алғашқы тоқсанда бұрынғы 12% пайыз қолданылса, қалған 3 айға 16 пайыздық мөлшерлеме қолданылды.
Тағы да оқыңыз: Жарты жылдың бюджеті: ел қазынасына қанша салық түсті.