Құрылтай сайлауына үкімет резервінен 34,3 млрд теңге жұмсалады

Құрылтай сайлауын өткізуге 34,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Қаражат үкімет резервінен бөлінген. Өйткені 2026 жылғы бюджет өткен жылы қабылданып қойған.
Жалпы жеті саяси партия 546 адамды саяси додаға қосып отыр. Үміткерлерді ең көп ұсынған – «Әділет» партиясы (186 адам).
Одан бөлек, Respublica – 76, Қазақстан Халық партиясы – 72, «Ауыл» – 69, «Ақ жол» – 63, «Байтақ» -47 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 33 кандидат ұсынды.
Қазіргі уақытта кандидаттардың құжаттары тиісті мемлекеттік органдарға жолданған. Онда үміткерлердің Конституция мен сайлау туралы заң талаптарына қаншалықты сай келетіні тексеріледі.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партиялық тізімді тіркеу кезінде әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар (мүгедектігі бар) жандарға арналған 30 пайыздық квота толық сақталған.
Бұған қоса, ОСК сайлауды бақылау үшін үш халықаралық ұйым мен төрт шет мемлекеттен 60 халықаралық бақылаушы тіркеліп үлгергенін хабарлады.
Партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі 23 шілдеге дейін жалғасады, бұл кезең аяқталғаннан кейін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады.
Сайлаудың өзі 23 тамызға жоспарланып отыр.