«Союз МС-29» халықаралық экипажы Байқоңырдан ғарышқа аттанды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
«Союз МС-29» халықаралық экипажы Байқоңырдан ғарышқа аттанды / Фото: Видеодан кадр

Екі ресейлік ғарышкер мен NASA астронавты мінген кеме белгіленген орбитаға шығып, Халықаралық ғарыш станциясына қарай бағыт алды.

Астана уақытымен 19:47:50-де – «Союз-2.1а» тасымалдаушы зымыраны № 31 алаңның ұшыру кешенінен көтерілді. Ұшырылымнан кейін шамамен тоғыз минуттан соң «Союз МС-29» кемесі тасымалдаушының үшінші сатысынан бөлініп, белгіленген орбитаға бет алды.

Кеме командирі Роскосмос ғарышкері Петр Дубров болды. Онымен бірге Халықаралық ғарыш станциясына ресейлік ғарышкер Анна Кикина және NASA астронавты Анил Менон аттанды.

Дубров пен Кикина үшін бұл – ғарышқа екінші рет ұшуы. Петр Дубров алғашқы экспедициясы кезінде орбитада бір жылға жуық уақыт өткізіп, ашық ғарышқа төрт рет шыққан. Анна Кикина бұған дейін ХҚС-қа америкалық Crew Dragon кемесімен барған болатын, ал оның алғашқы ғарыштық іссапары 157 тәулікке созылды.

Анил Менон Жерден алғаш рет ғарықша асып отыр. Мамандығы бойынша ол шұғыл медицина дәрігері және инженер-механик. NASA астронавтар отрядына қабылданғанға дейін Менон ұшу дәрігері болып жұмыс істеді, ХҒС-қа жасалған экспедицияларды медициналық сүйемелдеуге қатысты, сонымен қатар SpaceX компаниясының алғашқы басқарылатын миссияларын дайындауға көмектесті.

Станцияға қарай «Союз МС-29» жылдам екі айналымды схема бойынша қозғалып барады. Бірнеше сағат ішінде кеме Жерді екі рет айналып өтіп, орбиталық кешенге жақындауы тиіс. ХҒС-тың ресейлік сегментінің «Причал» модулімен автоматты түйісу Астана уақытымен сағат 22:56-ға жоспарланған.

Ғарышқа іссапар 261 тәулікке есептелген, Жерге оралу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Ресейлік бағдарлама бойынша осы уақыт ішінде ашық ғарышқа екі рет шығу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз