Биржада – теңге, сыртқы нарықта доллар қымбат: екі түрлі бағамның сыры неде

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Маусымда Қазақстанның валюта нарығы екі түрлі бағыт көрсетіп, сарапшыларды таңғалдырды: биржада ұлттық валютамыз нығайса, банктер арасындағы нарықта доллар, керісінше, қымбаттай түсті.

Экономист Руслан Сұлтановтың түсіндіруінше, бұл екі көрсеткішті тікелей салыстыруға болмайды. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) бағам айдың соңындағы жағдайды көрсетеді, ал биржадан тыс нарықтағы статистика ай бойы жасалған бүкіл мәмілелердің орташа өлшенген бағамына негізделеді. Сондай-ақ мұндағы ойыншылардың құрамы да басқа. Дегенмен, бұл алшақтық маусым айында валюта нарығының қаншалықты құбылмалы әрі әртүрлі болғанын анық байқатады.

Доллар: сауда қызғанымен, ортақ бағыт табылмады

KASE биржасында маусымның соңына қарай доллар бағамы 485,95 теңгеден 480,72 теңгеге дейін төмендеп, теңге шамамен 1,1%-ға нығайды. Бұл ретте биржадағы сауда-саттық көлемі мамыр айындағы 6,8 млрд доллардан бірден 8,8 млрд долларға дейін (санаулы уақытта 28%-ға) өсіп, биыл сәуірдегі ең жоғары көрсеткішке жуықтады.

Ал биржадан тыс нарықта мүлдем басқа көрініс орын алды. Мұнда долларды сатып алу көлемі 32,2 млрд долларға, ал сату көлемі 33,2 млрд долларға жетті. Бұл мамыр айындағы көрсеткіштерден үштен бір есе жоғары. Осы сегменттегі орташа өлшенген бағам бір ай бұрынғы 470 теңгеден 486,2 теңгеге дейін қымбаттап кетті.

Экономистің айтуынша, елде доллар тапшылығы бар деуге негіз жоқ, өйткені сатылған доллар көлемі сатып алынған көкқағаздан 1 миллиард долларға жуық асып түсті. Нарық қатысушылары көктемдегі қатты толқулардан кейін жаңа тепе-теңдік іздеген сыңайлы.

Еуро мен юань: алшақтық арта түсті

Еуро нарығында бұл қайшылық бұрынғыдан да анық байқалды. Биржада еуро бағамы ай соңында 567,06 теңгеден 546,06 теңгеге дейін құлдырап, теңге бірден 3,7%-ға нығайса, сауда көлемі 36%-ға өсіп, 87,8 миллион еуроны құрады.

Ал биржадан тыс нарықта еуроның орташа бағамы 549,7 теңгеден 561,7 теңгеге дейін өсіп, мәмілелер көлемі әр бағытта шамамен 3,45 миллиард еуроға дейін (29%-ға) ұлғайды.

Қытай юані бойынша да белсенділік екі есе өсті. Кәсіби алаңда (KASE) сауда көлемі 1,1 миллиардтан 2,1 миллиард юаньға дейін (90%-ға) артып, бағам 71,76-дан 70,85 теңгеге түсті.

Ал биржадан тыс сегментте сатып алу 52,1 миллион, сату 45,8 миллион юаньды құрап, орташа бағам 72 теңгеден асып кетті де, тағы да биржалық көрсеткіштерден алшақтады.

Биржада рубльдің бағасы 6,85 теңгеден 6,18 теңгеге дейін құлдырап, теңге бір айда Ресей валютасына шаққанда бірден 10%-ға нығайды. Мұндағы сауда көлемі 28%-ға өсіп, 152,1 миллиард рубльді құрады.

Ал биржадан тыс нарықта рубль бағамы мамыр айындағыдан сәл ғана жоғарылап, орташа есеппен 6,59 теңге деңгейінде қалды. Бұл ретте рубль сатып алу көлемі екі есеге жуық артып, 22,1 миллиард рубльге жетсе, сату 14,3 миллиард рубльді құраған.

Руслан Сұлтанов маусым айының басты оқиғасы теңгенің нығаюы немесе әлсіреуі емес, валюта нарығындағы белсенділік күрт өскенін атап өтті. Сауда-саттық көлемі барлық негізгі валюталар бойынша айтарлықтай өсті: доллар 28%-ға, еуро 36%-ға, рубль 28%-ға, ал юань 90%-ға жуық жоғарылады.

Бұл құбылыс бізге бір тетіктің екі түрлі бөлшегін көрсетіп отыр: биржа халыққа ашық баға белгілеу мен ай соңындағы нақты ахуалды паш етсе, биржадан тыс нарық ірі банктер арасындағы ай бойы толастамаған алып қаржы ағынын бейнелейді.

14 шілде күні қор биржасындағы күндізгі саудада доллар бірден 5 теңгеге арзандады.

Сондай-ақ оқыңыз