Түркістан облысында жүргізушіге заңсыз айыппұл салған полицей жазаға тартылды

Түркістан облысында сәуір айында қысқы дөңгелек пайдаланғаны үшін полицей жүргізушіге әкімшілік айыппұл салған.
Otyrar ақпаратына қарағанда, Түлкібас аудандық соты бұл әрекетті заңсыз деп таныды. Сондай-ақ әкімшілік хаттама толтырған полиция инспекторына тәртіптік жаза қолданылды.
Негізсіз айыппұл
Іс материалдарына сәйкес, жүргізушіге сәуірде көлігінің қысқы дөңгелектерін ауыстырмағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігі бойынша айыппұл салынған.
Алайда жүргізуші бұл қаулыға сот арқылы шағым түсірген. Іс материалдарын және қолданыстағы заңнаманы зерделеген сот жауапкершілікке тарту негізсіз болған деген қорытындыға келді.
Қысқы дөңгелекке тыйым салынған ба
Соттың мәліметінше, Еуразиялық экономикалық одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, шегелі қысқы шиналарды пайдалануға тыйым тек жаз мезгілінде – маусым, шілде және тамыз айларында ғана қолданылады. Ал құқық бұзушылық сәуір айында тіркелген. Сонымен қатар заңнамада шегесіз қысқы шиналарды пайдалануға тыйым салынбаған.
Осыған байланысты сот жүргізушінің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп танып, оған салынған айыппұлдың күшін жойды.
Тәртіптік жаза
Сонымен қатар сот әкімшілік хаттаманы заң талаптарын бұза отырып толтырған полиция инспекторына қатысты тиісті шара қолдану туралы жеке қаулы шығарды.
Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, соттың жеке қаулысын қарау қорытындысы бойынша аталған полиция қызметкеріне сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілген.
Ал Таразда екі полицей шетелдіктің қалтасына есірткі салды деген күдікке ілінді.