Киік етін ауысыммен істейтін жұмысшылардың ас мәзіріне енгізу ұсынылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Киік етіне сұраныс төмендегендіктен, оны вахталық кәсіпорындарда пайдалану ұсынылды / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда сатылмай қалған киік еті вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындардың асханаларына жіберілуі мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.

Оның айтуынша, бастапқыда киік етіне сұраныс жоғары болған.

«Бір кезеңде сұраныс өте жоғары болды. Киік етінен жасалған консервілерді де халық қызығушылықпен сатып алды. Бірақ көбіне оны ерекше өнім ретінде алған шығар. Қазір бұл қызығушылық бәсеңдеді. Соның салдарынан киік етін өңдеуге тартылған кәсіпорындар өнімді өткізуде қиындықтарға тап болып отыр», – деді Азат Сұлтанов үкімет кулуарында.

Вице-министрдің айтуынша, киік еті мен одан өндірілген өнімдерді шетелге экспорттауға болмайды. Себебі халықаралық деңгейде қорғалатын жануарлар түрлеріне қатысты шектеулер қолданылады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өнімді ел ішінде өткізудің жолдарын қарастырып жатыр.

Соның бірі – мемлекеттік сатып алу тетігі. Оның аясында киік етін вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындардың асханаларында пайдалануға болады.

«Азық-түлікті көп көлемде сатып алатын кәсіпорындар бар. Киік еті басқа ет түрлерімен бірге тағам мәзіріне енгізілуі мүмкін. Қазіргі таңда оған ешқандай шектеу жоқ», – деді вице-министр.

Азат Сұлтанов өңдеу кәсіпорындарына жеткізілетін киік етінің барлығы зертханалық және ветеринарлық бақылаудан өтетінін де атап өтті.

«Ветеринариялық тұрғыдан ешқандай мәселе жоқ. Тек тұтынушылардың талғамына қатысты сұрақтар бар», – деп түсіндірді ол.

Азат Сұлтановтың айтуынша, киік етін балалардың тамақтану мәзіріне енгізу жоспарланбаған. Сондай-ақ оны әскери қызметшілердің ас мәзіріне қосу да көзделіп отырған жоқ. Вице-министр атап өткендей, киік еті – диеталық өнім, ал әскери қызметкерлерге құнарлылығы жоғары тағам қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге киік еті өнімдерінің ұсынылған бағасын төмендетуді жоспарлап отырған жоқ. Азат Сұлтановтың сөзінше, баға жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлем, тасымалдау және өңдеу шығындары ескеріліп есептеледі. Сонымен қатар мемлекет бұл өнімнің бағасын реттемейді.

Айта кетейік, елде киік санын реттеу шарасы басталғалы 175 мыңнан астам киік сойылған. Министрліктің мәліметінше, киіктердің санын реттеу жұмыстарына жауапты 35 сою пунктінің 27-сі тәулігіне 5 885 бастан сойған.

Сондай-ақ оқыңыз