Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өсіп, металлургия баяулады – министр

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі бірінші жартыжылдықта 9,8%-ға өсіп, жаңа өндіріс орындары ашылғанымен, елдің негізгі салаларының бірі – металлургия әлі де жоспарлы деңгейге жете алмай отыр. Соған қарамастан, Үкімет жыл соңына дейін тағы 200 инвестициялық жобаны іске қоспақ.
Өңдеу өнеркәсібі өсім көрсетті
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібі бірінші жартыжылдықта 9,8%-ға өсті. Өсім машина жасау, химия, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдары мен жеңіл өнеркәсіп салаларында тіркелген.
Қазірдің өзінде құны 252 млрд теңгені құрайтын 74 жоба іске қосылып, 4,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал жыл соңына дейін жалпы құны 1,7 трлн теңгелік тағы 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Металлургияда жағдай әлі толық түзелген жоқ
Металлургия саласының өндіріс көлемі 97,3%-ды құрады. Министр мұны кәсіпорындардағы жөндеу жұмыстары мен кен сапасының төмендеуімен түсіндірді.
Дегенмен шикізат жеткізу көлемінің артуы нәтижесінде сала көрсеткіші соңғы айларда 1,8%-ға жақсарған. Қазақстандық кәсіпорындарға мыс, мырыш және алтын құрамды шикізат көбірек жеткізіліп, мырыш концентратын тасымалдау қайта басталған. Сонымен қатар Ауғанстан мен Қырғызстаннан шикізат импорттау бойынша келісімдер жасалған.
Қай салалар қарқын алды?
Ең жоғары өсім машина жасау саласында тіркеліп, өндіріс көлемі 23,1%-ға артты. Бұл көлік, ауыл шаруашылығы, теміржол және тұрмыстық техника өндірісінің ұлғаюымен байланысты.
Химия өнеркәсібі 20,7%-ға, құрылыс материалдары өндірісі 14,1%-ға өсті. Ал жеңіл өнеркәсіпте тоқыма, киім және былғары өнімдерін шығару көлемі артқан.
Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы нақты мәнде 4,1%-ға өсті. Қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда өсім қарқыны 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді.