Түркістанда жасанды жаңбыр жаудыру үшін 20 рет тәжірибе жасалған

Қазақстанда жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы әзірге тек бір өңірде сынақтан өткен. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.
Үкіметте өткен брифингте журналистер аптап ыстықтың әсерін азайту үшін мұндай технологиялар нақты қай өңірлерде қолданылғанын сұрады.
«Біздің қолда бар ақпаратқа сәйкес, мұндай тәжірибе тек Түркістан облысында жүргізілді», – деді Сұлтанов.
Вице-министрдің сөзінше, өңірде жасанды жаңбыр жаудыру бойынша шамамен 20-ға жуық тәжірибе жүргізілген.
«Нәтижесі туралы оны ұйымдастырушылар толығырақ айтып бере алады. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тәжірибеге қатысқан жоқ», – деп толықтырды вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті Абдулла Әл-Мандуспен кездескен еді. Кездесу кезінде Түркістан облысында жасанды жаңбыр жаудыру технологиясын пайдалану арқылы су қоймаларын толтыру және ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамту жоспары айтылған болатын.
Сонымен қатар Қазақстанда жасанды жаңбыр технологиясын қолдану жоспары Қырғызстанда да талқыланды. Қырғызстан министрлер кабинетінің бұрынғы төрағасы Ақылбек Жапаров бұл тәсілдің қырғыз Алатауындағы мұздықтарға ықпалы болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.