35 жылда Қазақстанда ең танымал есімдер қалай өзгерді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Ең танымал есімдер анықталды / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы


Қазақстанда танымал есімдер рейтингі қоғамдағы талғамның, мәдени ықпалдың және ата-аналардың таңдауындағы өзгерістерді көрсетеді. Kursiv Media кейінгі 35 жылда ұлдар арасында ең көп қойылған есім алты рет, қыздар арасында көшбасшы есімдер жиірек жаңарғанын анықтады. Бұл деректер белгілі бір кезеңде қай есімдердің сәнге айналғанын ғана емес, елдегі әлеуметтік және мәдени үрдістердің қалай өзгергенін де аңғартады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 1990-жылдардың басында дүниеге келген ұлдардың арасында Александр есімі айқын басым болған. Бұл есім 1991 жылдан 2001 жылға дейін, яғни қатарынан 11 жыл бойы ең жиі қойылған есім атанды.

2002 жылы көшбасшы ауысып, Диас есімі бірінші орынға шықты. Ол төрт жыл – 2002–2005 жылдар аралығында ең танымал есім болды.

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Одан кейін Ерасылдың кезеңі басталды. 2006 жылдан 2012 жылға дейін қазақстандық ата-аналар ұлдарына ең жиі осы есімді қойған. 2013 жылы рейтингте Алдияр бір жылға ғана бірінші орынға көтерілді.

«Әлихан» он жыл бойы көш бастады

2014 жылдан бастап Әлихан есімінің танымалдығы артты. Ол 2023 жылға дейін қатарынан он жыл бойы ұлдарға ең жиі қойылған есім болды. Осылайша, ұзақ мерзім көш бастауы бойынша Әлихан тек Александрдан кейін тұр.

2024 жылы бірінші орынға Мұхаммед шықты. Бұл есім 2025 жылы да көшбасшылығын сақтап, 2026 жылдың алғашқы жартысында да ең жиі қойылған ұл есімі болып отыр.

Осылайша, 1991 жылдан бері ұлдар арасында небәрі алты есім бірінші орынға көтерілген: Александр, Диас, Ерасыл, Алдияр, Әлихан және Мұхаммед.

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қыздар арасында есімдер жиірек ауысқан

Қыз балаларға қойылатын есімдер рейтингінде өзгеріс көбірек. 1991 жылы ең танымал есім Әйгерім болса, 1992 жылы бірінші орынға Анастасия көтерілді.

1993–1996 жылдары Айдана есімі көш бастады. Кейін Анастасия 1997–1999 жылдары қайтадан ең танымал есімге айналды.

2000 жылы жағдай тағы өзгерді. Бірінші орынға шыққан Аружан есімі 2010 жылға дейін қатарынан 11 жыл бойы көшбасшылықты сақтады. Бұл – зерттелген кезеңдегі қыз есімдерінің арасындағы ең ұзақ көрсеткіш.

2011–2012 жылдары ата-аналар қыздарына көбіне Аяру есімін қойды. Ал 2013 жылдан 2018 жылға дейін Айзере бірінші орында тұрды.

2019 жылы Раяна есімі бір жылға ғана көш бастады. 2020 жылдан 2024 жылға дейін ең танымал есім Медина болды. 2025 жылы оның орнын Айлин басты. Бұл есім 2026 жылдың алғашқы жартысында да бірінші орында қалып отыр.

Жалпы, қарастырылған кезеңде қыздар арасында тоғыз есім көш бастаған: Әйгерім, Анастасия, Айдана, Аружан, Аяру, Айзере, Раяна, Медина және Айлин.

Статистикадан ұлдарға қойылатын танымал есімдердің ұзақ уақыт бойы тұрақты сақталатынын байқауға болады. Ал қыздар арасында есім таңдау үрдісі жиірек өзгерген. Дегенмен 2026 жылғы көрсеткіш әзірге тек бірінші жартыжылдықты қамтиды, сондықтан жыл соңына дейін рейтинг өзгеруі мүмкін.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанда 2026 жылғы ең танымал есімдер анықталды.

Сондай-ақ оқыңыз