Астана тұрғындары тегін курс арқылы қазақ тілін қалай үйреніп жүр

Астанада қазақ тілін үйренгісі келетін жандардың қатары жыл сайын артып келеді. Алайда олар оқу барысын ұйымдастыру туралы сұраққа толық жауап ала алмаған көрінеді. Сонымен қатар курс оқушылар сабақ белгіленген кестеге сай жүргізілмейтіне көңілі толмай, шағым айтады. Осыған байланысты аталған курсқа жыл сайын бюджеттен қанша қаржы бөлінетінін және оқуды аяқтап, сертификат алғандардың нақты үлесі қандай екенін анықтап көрдік.
Жоспар екі есе өсті
Астанада азаматтарға мемлекеттік тілді тегін оқытуға «Руханият» КММ Тілдерді оқыту және әдістемелік жұмыс бөлімі жауапты.
Мекеменің мәліметінше, тегін курстарды ұйымдастыруға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Алайда мекеме бұл мақсатқа нақты қанша ақша жұмсалатынын айтпады.
«Руханият» КММ хабарлағандай, 2023 жылдан 2026 жылға дейін халықты оқыту бойынша жылдық жоспар екі есеге жуық өскен. Егер 2023-2024 жылдары жыл сайын 1,5 мың адамды оқыту қажет болса, 2025-2026 жылдары көрсеткіш 3 мың адамға дейін жеткен.
Бұл ретте мемлекеттік мекеме 2023-2025 жылдар аралығындағы оқыту жоспары толық орындалғанын және барлық курс қатысушысы сертификат алғанын алға тартады.
«2026 жылдың І кезеңі бойынша 1 243 адам оқып шықты. Қазіргі уақытта екінші кезеңге қабылдау жүріп жатыр, тағы 1 757 адамды қабылдау жоспарлануда», – деп нақтылады «Руханият» өкілдері.
Сондай-ақ курс аяқталардан 10 күн бұрын оқу сапасына бағалау жүргізіледі. Тыңдаушылар деңгейлеріне қарай диктант жазып, сұрақтарға ауызша жауап беріп қорытынды тест тапсырады.
Сабақ кестесінің қолайсыздығы
Тіл үйренгісі келетіндердің ең басты мәселесі сабақ кестесі болып отыр. Себебі, тұрғындардың айтуынша, сабақтар негізінен күндізгі уақытта, яғни халықтың басым бөлігі жұмыста болған кезде өтеді, ал демалыс күндері сабақ өтпейді. Бұған қоса, мұғалімдердің жеке шаруалары немесе сабаққа қатысушылардың аздығынан дәрістер жиі кейінге шегеріледі.
Алайда «Руханият» КММ сабақ кестесі бірінші кезекте тыңдаушылардың сұранысы мен талаптарын, топтардың санын және мұғалімдердің бос уақытын ескере отырып құрылатынын айтады.
«Сұраныс болған жағдайда кешкі уақытта оқитын топтар да жасақталады», – деп жауап берді мемлекеттік мекеме.
Күмән тудырып отырған «мінсіз» тәртіп
Мекеме қызметкерлері сабақтың уақытылы өтуін және тыңдаушылардың қатысуын қатаң қадағалайды. Егер заң бұзушылық анықталса, кінәлілерге қатаң шара қолданылатынын жеткізді. Бірақ 2026 жылдың басынан бері ешкімге қатаң шара қолданылмаған.
«Есепті кезең бойынша тіркелген шағымдар жоқ, расталған заң бұзушылықтар жоқ, қолданылған шаралар да болған жоқ», – деп мәлімдеді «Руханият» КММ.
Қорыта келе тегін қазақ тілі курстарына қатысты жауапсыз қалған сұрақтар әлі де көп. Бюджеттен бөлінген қаржының белгісіздігі, құбылмалы сабақ кестесіне қатысты шағымдар және күмән тудыратын тым «мінсіз» статистика бұл жобаның ашықтығын арттыру қажеттігін көрсетеді.
Өйткені әңгіме жай ғана мемлекет қаржысын игеру туралы емес, қоғамда сұранысы күннен-күнге артып келе жатқан мемлекеттік тілді оқытудың шынайы сапасы туралы болып отыр.
Айта кетейік, тегін қазақ тілі курсына қатысу үшін өтінім қабылдау 2026 жылдың 1 шілдесінде басталды. Ал оқудың өзі 3 тамызда басталады