Михаил Шайдоров жаңа маусымда Майкл Джексонның Billie Jean әніне билейді

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа маусымда Майкл Джексонның әйгілі Billie Jean әніне билейді. Мәнерлеп сырғанаушы дайындықтан үзінді жариялап, поп-корольдің төл биіне айналған «Ай жүрісін» қаншалықты жақсы меңгергенін көрсетті.
Шайдоров осы қойылымды жарысқа емес, гала-кешке жиналған жанкүйерлер үшін әзірлеп жатыр. Жанкүйерлерге арналған қойылымды хореограф Иван Ригини әзірлеген.
«Жаңа маусым, жаңа қойылым. Хореографиясы үшін Иван Ригиниге көп рахмет. Жаңа нәрсе үйренудің өзі бір ғанибет!
Нәтижесін көрсететін сәтті тағатсыздана күтіп жүрмін. Керемет шыққан сияқты. Енді биге сай киім әзірлеу қажет», – деп жазды Шайдоров Instagram-дағы парағына.
Ригини де Шайдоровқа жауап жазып, чемпионмен бірге жұмыс істеу оған да ұнайтынын айтты.
«Керемет қойылым. Жаңаша қырыңды көпшілік көретін сәтті асыға күтемін. Үнемі алға басатын мықты адамсың! Мақтан тұтамын», – деп жазды хореограф.
Әлеуметтік желіде жарияланған видео АҚШ-тағы мұз айдынында түсірілген. Шайдоров біраздан бері америкалық бапкер Рафаэль Арутюнянмен бірге жаттығып жүр.
Айта кетейік, мәнерлеп сырғанау спортының жанкүйерлері Михаилдың панда образындағы қойылымын жақсы біледі. Чемпионды кейде «мұздағы панда» деп те жиі атайды.