Қазақстандағы алғашқы ЖИ университет колледж түлектерін қабылдамайды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: QAIRU

Қазақстандағы алғашқы ЖИ университет ашылмай жатып дауға қалды. Оқу ордасы колледж түлектерін грант конкурсына қабылдамау туралы шешім қабылдады.

Мәселенің мән-жайы

Qazaq AI Research University биыл алғашқы студенттерін қабылдауды бастады. Алғашында университет сайтында мемлекеттік грант конкурсына мектеп түлектері де, кәсіптік, техникалық колледж түлектері де қатыса алады деп жазылған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Kursiv Media-ға жіберген жауабында да солай көрсетілген. Бірақ кейінірек желіге университет әкімшілігі колледж түлектерінің құжатын қабылдамай жатқаны жайлы жазбалар жариялана бастады. Телеграм-арналардың жазуынша, кей түлектерге ҰБТ тапсырғанмен, олардың көрсеткішін есептемейтінін, грант конкурсына қабылдай алмайтынын айтқан.

Грант емес тек ақылы бөлімге түсе алады

Түлектер дауынан кейін Qazaq AI Research University ресми мәлімдеме жасады.

«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжат қабылдамайтынын хабарлаймыз. Университет биыл алғаш рет студент қабылдайтындықтан, бастапқы кезеңде негізгі назарды толық оқу мерзімі бар білім беру бағдарламаларын іске қосуға және ІТ-индустриямен тығыз ықпалдастыққа, студенттердің нақты технологиялық жобаларға қатысуына әрі өз стартаптарын құруына негізделген жаңа кадр даярлау моделін сынақтан өткізуге аудару туралы шешім қабылданды», – деп жазылған жауапта.

Яғни түсінгеніміздей, колледж бітірген түлектер биыл университетке қысқартылған бағдарламамен (2 немесе 3 курстан қабылдау) грантқа түсе алмайды. Алғаш рет ашылып отырғандықтан әкімшілік бірнеше бағытты қатар алмай, тек төрт жылдық оқу бағдарламасына фокус қоюды шешкен.

Бұл шешімді екі себеппен түсіндіреді. Әкімшілік дерегінше, колледжден кейін қысқартылған оқуға түсу үшін емтихан тапсырған талапкерлердің ішінен шекті балды жинағандар саны өте аз болған. Ал емтиханнан өткен талапкерлердің саны толық бір топ құруға жетпей қалған.

Аз ғана студент үшін бағдарламаны іске қосып, оқытушылар бөлу тиімсіз әрі оқу сапасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан университет биыл бұл бағытты мүлдем жауып тастауды ұйғарған.

Qazaq AI Research University егер қаласа колледж түлектері төрт жылдық ақылы бөлімге түсе алатынын хабарлайды. Бұл шешім түлектер құқығын шектемейді деп атап өткен.

«Бұл шешім талапкерлердің мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу құқығын шектемейтінін назарларыңызға саламыз. Колледж түлектері қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін Қазақстан Республикасының басқа жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады», – деп жазылған университет сайтында.

Бұған дейін Kursiv Media Qazaq AI Research University туралы жазған еді. Оқу ордасында қандай мүмкіндіктер бар екені, қандай шетелдік серіктестермен жұмыс істейтіні және грантқа қалай түсуге болатыны туралы мына жерден оқи аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз