Түркияда қазақстандықты атып өлтіруге тапсырыс бергендер анықталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Оқиға Фатих ауданындағы Балабанаға кварталының Зейнеп Камиль көшесінде болған/фото: Haberler

Ішкі істер министрлігі Түркияда оқ тиіп қайтыс болған қазақстандық Ариф Исмаиловқа қатысты ақпарат жариялады.

Айта кетейік, 2026 жылдың наурызында ер адамды бәзбіреулер атып кеткен. Оның жеке логистикалық компанияда курьер болып жұмыс істегені белгілі. БАҚ мәліметінше, белгісіз адам ер адамға жақындап келіп, басынан атқан, содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Ол алған жарақатынан қайтыс болды.

Содан кейін бірнеше елдің полициясы бірігіп, қылмысты жасады деген күдікті 2 адамды ұстады.

«Тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі, кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталды. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ортаның өкілдері және халықаралық іздеуде жүрген», – деп хабарлады полиция.

Ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі қазір АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу ісі бойынша жазасын өтеп жатқаны белгілі.

Тергеуде анықталған мәліметтер Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға көмектескен.

«Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топ киллерлерінің бірі ұсталды. Одан тапанша тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды», – деп хабарлады полиция.

Бұған дейін Түркия полициясы күдіктілердің шекараға автокөлікпен барғанын хабарлады. Екеуі де Грузия азаматы болып шықты.

Сондай-ақ оқыңыз