
Алматыға 2027 жылдың соңына дейін жаңа 110 мың турист келеді деп жоспарланып отыр.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, мамандар Гуанчжоу қаласында өткен GITF-2026 халықаралық туристік көрмесіне қатысқан.
«Көрме аясында ұйымдастырылған «Алматы қаласының туризм күні» барысында шетелдік серіктестермен ынтымақтастық туралы 22 меморандумға қол қойылды. Құжаттар Алматыны халықаралық деңгейде ілгерілетуге, туристер легін арттыруға және жаңа туристік өнімдерді әзірлеуге бағытталған бірлескен жұмыстарды күшейтеді», – делінген ақпаратта.
Одан бөлек Алматы өкілдері Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея және Гонконгта өткен ірі халықаралық туристік көрмелерге де қатысқан. Ол жерде шетелдік туроператор, әуе компаниялары, қонақүй желілерімен кездескен.
Туризм басқармасы мәліметінше, мұның бәрі Алматының туристік әлеуетін насихаттауға және шетелдік туристер санын арттыруға септігін тигізеді.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматыға 2,5 млнға тарта турист келген. Оның ішінде 1,7 миллионнан астамы – қазақстандықтар болса, 750 мыңнан астамы – шетел азаматтары.