Динара Сәдуақасова жас шахматшыға 1,2 млн теңге стипендия тағайындады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Шахматшы Динара Сәдуақасова
Гроссмейстер Динара Сәдуақасова игі бастама көтерді / фото: Facebook/Dinara Saduakassova

Атақты қазақ шахматшысы Динара Сәдуақасова өз атынан 1,2 млн теңге көлемінде стипендия тағайындады. Алғашқы материалдық көмекті тоғыз жастағы Ермұхан Саламат алады.

Халықаралық гроссмейстер атаулы стипендияны 20 шілде – Халықаралық шахмат күні қарсаңында жариялап отыр.

«Биыл осы күнді қарапайым құттықтаумен ғана емес, маңызды іспен атап өткім келеді», – деп жазды Сәдуақасова Facebook-тегі парағында.

Оның пікірінше, ел өңірлерінде мыңдаған дарынды бала бар, бірақ олар қаражат жоқтығынан әлемнің айтулы тұғырларына көтеріле алмай жүр.

«Кәсіби жаттығулар, оқу жиындары, сырттағы турнирлер – ата-ана осының бәріне көп ақша жұмсайды. Мұндай демеу әсіресе жас спортшыға аса қажет», – дейді ол.

Динара Сәдуақасова атындағы стипендия жыл сайын ең дарынды және болашағы зор шахматшыларға тағайындалады. Оның алғашқы лауреаты – Атырау облысының тоғыз жастағы тұрғыны Ермұхан Саламат. Ол ай сайын 100 мың теңге көлемінде стипендия алып тұрады.

«Әлем аренасында әрбір үлкен жеңіс шахмат тақтасындағы алғашқы жүрістен басталады. Дарынды жастарымызды бірге қолдайық», – деп түйіндеді ізгі бастамасы туралы жазбасын гроссмейстер.

Динара Сәдуақасова әр жылдары 14, 17 және 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанды. 2022 жылы Алматыда өткен Әлем чемпионатында шахматтың рапид түрінен күміс жүлде жеңіп алды.

Бір апта бұрын әлемнің үш дүркін (блиц) чемпионы Бибісара Асаубаева Қазақстан әнұранын рояльда орындап, көпшілікті сүйсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз