Қазақстан Қашаған операторынан 2,3 трлн теңге айыппұлды қалай да өндіріп алмақ

Қазақстан үкіметі алып Қашаған мұнай кен орнын игеріп отырған компаниялардан 2,3 трлн теңге экологиялық айыппұлды өндіріп алуға ниетті. Қашаған операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына айыппұлды ерікті түрде төлеуге 20 шілдеге дейін уақыт берілген. Одан кейін Әділет министрлігі айыппұлды өсімпұлымен бірге мәжбүрлеп өндіруге көшпек.
Дау неден туындады?
Бұл үлкен даудың басы Каспий қайраңындағы экологиялық тексерістен басталды. Атырау облысы бойынша Экология департаменті 2022 жылдың желтоқсанында Қашаған кен орнында жоспарлы тексеру жүргізеді. Тексеріс кезінде мамандар консорциумның рұқсат етілген көлемнен артық күкірт сақтағанын анықтады. Бұл факті экологиялық заңнаманы өрескел бұзу саналады.
Экология саласындағы заңды бұзғаны үшін мемлекеттік орган оператор компанияға ірі көлемде экологиялық айыппұл салды. Содан бері NCOC бұл айыппұлмен келіспей, жергілікті соттарда өз құқығын қорғауға тырысты.
Алайда Қазақстанның барлық сот сатысы мемлекеттің талабын заңды деп тапты. Ең соңында 2026 жылдың 19 маусымында Атырау облыстық соты да апелляциялық шағымды қарап, айыппұлды күшінде қалдырды.
Сот шешімімен бекітілген айыппұл көлемі 2,3 трлн теңгені құрайды. Бұл қазіргі валюта бағамымен шамамен 4,9 млрд АҚШ долларына тең болып отыр.
Осы оқиғалардан NCOC консорциумы арнайы мәлімдеме жасап, UNCITRAL халықаралық арбитраж трибуналына жүгінгенін хабарлады.
Компанияның мәліметінше, төрелік сот Қазақстанға концорцумнан айыппұлды өндіруге уақытша тыйым салатын аралық бұйрық шығарған.
Консорциум басшылығы өз мәлімдемесінде салынған экологиялық айыппұлды да, оның негізінде жатқан айыптауларды да мүлдем мойындамайтынын ашық айтты. Сонымен қатар олар өз мүддесін заң аясында барынша қорғайтынын жеткізді.
Қазақстан үкіметінің уәжі қандай
Алайда Қазақстан тарапы бұл халықаралық бұйрықты заңдық тұрғыдан негізсіз деп есептеп, оны мойындаудан бас тартып отыр. Әділет министрлігі бұл ұстанымын бірнеше нақты заңды уәжбен негіздеді.
Біріншіден, UNCITRAL арбитражы инвестициялық емес, тек коммерциялық арбитраж саналады. Мұндай төрелік сот тек жеке сипаттағы шаруашылық дауларды ғана қарауға құқылы. Оның мемлекеттің егемендік билігіне және экологиялық заңдарды орындату ісіне араласуға ешқандай құзыреті жоқ.
Екіншіден, халықаралық арбитраждың мұндай аралық бұйрықтары Қазақстан аумағында автоматты түрде күшіне енбейді. 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясы мен ұлттық заңнамаға сәйкес, кез келген шетелдік шешім алдымен Қазақстанның жергілікті соттары арқылы ресми түрде танылуы қажет. Бұл жағдайда арбитраж нақты шешім емес, тек уақытша ықпал ету шарасын ғана қабылдаған.
Үшіншіден, халықаралық ережелердің өзінде де осылай жазылған. UNCITRAL-дың халықаралық коммерциялық арбитраж туралы Үлгілік заңында уақытша шараларды қабылдау мәселесі мемлекеттік соттардың құзыретіне жататыны нақты көрсетілген.
Төртіншіден, мемлекеттік органдар заңды күшіне енген отандық сот шешімдерін орындауға заң бойынша міндетті. Мұндай сот актісін заңсыз тоқтатып қою – ұлттық заңнаманы тікелей бұзу. Бесіншіден, экологиялық заңнама қоршаған ортаны, халықтың денсаулығын және мемлекеттің қоғамдық мүддесін қорғайды. Ол жария құқық саласына жатады, сондықтан оны жекеменшік коммерциялық арбитраждың шешімдерімен шектеуге мүлдем болмайды.
Осы себепті шетелдік арбитраждың уақытша бұйрығы Қазақстан заңдарынан жоғары тұрмайды және сот шешімінің орындалуына кедергі келтіре алмайды.
Осылайша, Қазақстан тарапы заң шеңберінде нақты әрекет етуге көшпек. Әділет министрлігі бекіткен соңғы мерзім бойынша NCOC бұл айыппұлды 2026 жылдың 20 шілдесіне дейін өз еркімен төлеуге тиіс.
Егер консорциум бұл мерзімде қаржыны аудармаса, Қазақстан тарапы мәжбүрлеп өндіру шараларына кіріседі.
Мемлекет бұл бағытта «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң аясында ғана жұмыс істейді. Егер мәжбүрлеп өндіру шарасы басталса, негізгі айыппұл сомасына тағы 10 пайыз өсімпұл қосылады. Бұл консорциум үшін қосымша тағы 230 миллиард теңгеге жуық жаңа шығын әкеледі деген сөз.
Сот құпиясын сақтамаған
Бұл даудың аясында Қазақстан тарапы консорциумға тағы бір маңызды құқықтық айып тақты. Ресми мәлімдемеге сәйкес, NCOC компаниясы халықаралық арбитраж ережелерін бұзып, құпиялық режимін сақтамаған.
Оператордың іс жүріп жатқан халықаралық арбитраж мәліметтерін және аралық бұйрықты баспасөзге жариялауы халықаралық төрелік соттың жабық әрі құпия сипатына мүлдем сәйкес келмейді. Мұндай әрекеттер процестің дұрыс өтуіне зиянын тигізеді.
Қашаған — Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, қытайлық CNPC, италиялық Eni, жапонның Inpex және отандық «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірігіп игеріп жатқан еліміздегі ең ірі мұнай жобасы.