Қытай кәсіпкері елде металл конструкция мен бетон шығаратын зауыт ашты

Қытай инвесторы Алматы облысында металл конструкциялары мен бетон өндіретін ірі зауыт ашты. Жобаға 4,7 млрд теңге құйылды.
Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылының маңында орналасқан зауыт үш гектар жерді алып жатыр. Almaty W. S. кәсіпорыны бір жылда 10 мың тонна металл конструкциясы, 300 мың текше метр тауарлық бетон, дәл осындай көлемде сэндвич-панель мен профнастил шығарады.
Бұған қоса, зауыт 10 мың дана модульдік ғимарат пен контейнер, 40 млн цемент блогы мен тротуар тақтасы, сонымен бірге терезелер мен есіктер өндіреді.

Қазір кәсіпорында сексеннен астам адам еңбек етеді. Жиырма адам өндіріс технологиясын үйрету үшін шақыртылған, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кәсіпорын өнімдерінің 60 пайызы Алматы қаласы мен облысында сатылады. Қалғаны Шымкент қаласына және елдің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Инвесторлар болашақта өнімді экспортқа шығарғысы келеді. Қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыс түсе бастаған.
Жоба Қытай инвесторларының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Зауыттың негізін қалаушы Тивэй Жу ірі зауыт мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асқанын айтты. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов инвесторларға маңызды жобаларды жүзеге асыру барысында әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Мәліметтерге қарағанда, нысан құрылысы 2025 жылғы наурызда басталып, желтоқсанда аяқталған. Жыл аяғында өндіріс іске қосылған. Содан бері кәсіпорында 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциялары өндірілген.
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда Қытай капиталы көбейді. Айта кетейік, бір күн бұрын белгілі қытай инвесторы «Бәйтерек» холдингі директорлар кеңесінің құрамына кірген.