Ресейлік режиссерге жарнама түсірткен отандық бренд дауға қалды

Ресейден режиссер шақырып, жарнама түсіргісі келген 7Days бренді дауға қалды. Шетелдік маман Қазақстанды «тек сиырлар жүретін елге» теңеген. Желі қолданушыларды режиссерді де, оны шақырған брендті де сынап, ашулы жазбалар жариялап жатыр.
Мәселенің мән-жайы
Тәтті круссандар шығаратын 7Days бренді өнімдеріне жарнама түсіру үшін Ресейден маман шақырады. Ол – Илья Лучкин есімді режиссер. Сөзінше, 7Days бренді үшін бес тілде жарнама түсіруі керек, оның бірі Қазақстанда өткен.
«Бұл ел туралы тек Борат фильмінен ғана білгенмін. Ұшақтан түскен соң бұл елдегілер тек сиырға емес электросамокатқа да мінетінін, бағалар Ресейге қарағанда әлдеқайда арзан екенін білгенде таңғалдым», – дейді ол.
Осы сөздері көпшіліктің ашуын туғызды. Өзі жұмыс істеуге келген ел туралы еш ізденбегенін, ондаған жыл бұрынғы стереотиптерден басқа ақпараты жоқ екенін айтып сынады. Отандық мамандарды көзге ілмей, шетелден шақырғаны үшін брендке де сын жазды. Жаппай хейт жаза бастағаннан кейін Лучкин стористері мен рилсін де өшіріп тастады. Кейін Қазақстандағы алғашқы және соңғы жобасы екенін айтып, кешірім сұрады. Бірақ оны да қазақстандықтар қабылдамады.
«Бізге еш қатысы жоқ»
Даудан кейін компания да ресми түрде мәлімдеме жасап, кешірім сұрады. Бренд өкілдерінің сөзінше, режиссер жазбасы тек оның жеке көзқарасын білдіреді.
«Соңғы жарнама науқанымыздың режиссері жариялаған жазба тек оның жеке көзқарасын білдіреді және 7Days брендіне ешқандай қатысы жоқ. Мұндай мәлімдемелер біздің бренд құндылықтарымызға сәйкес келмейді. Осыған байланысты біз режиссермен серіктестікті тоқтату туралы шешім қабылдадық», – деп жазылған мәлімдемеде.
Осы жағдай үшін компания Қазақстан халқынан кешірім сұрап, қатты өкінетіндерін де жазды. Бірақ көпшілігі енді брендтің тәтті круассандарын алмайтынын айтып, бас тартып жатыр.
Бұған дейін ресейлік блогерді жарнамасына шақырған Sen Sulu бренді де осылай хейт астында қалған. Артынша кешірім сұрап, блогер Валя Карнавал түскен жарнамаларын өшіріп тастады.