Нақты қаржы жағдайыңды қалай анықтауға болады: сарапшыдан үш кеңес

Көптеген адам табысын арттыруды басты мақсат етеді. Алайда жоғары жалақы алып, қомақты табыс табу – бай боласың деген сөз емес. Өмірде айына 400 мың теңге айлық алатын адамның қаржы жағдайы 1 миллион теңге табысы бар адамнан әлдеқайда тұрақты әрі жақсырақ болуы мүмкін. Себебі табыс көлемі мен шынайы қаржылық әл-ауқат – екі бөлек ұғым. «Qazaq Expert Club» сарапшысы, қаржыгер Әйгерім Ілиясова шынайы қаржы жағдайыңызды анықтау үшін қарапайым есептеу әдісін ұсынады. Компаниялар өз жағдайын бағалау үшін ай сайын немесе жыл сайын баланс есебін жасаса, дәл осы қағиданы әрбір адам өз бюджетіне қолдана алады.
1-қадам: Нарықтық құны бар активтерді түгендеу
Қаржылық жағдайды бағалаудың алғашқы қадамы – қолдағы нарықтық құны бар мүліктің тізімін жасау. Оған жылжымайтын мүлік, автокөлік, банктегі депозит, «Отбасы банкіндегі» жинақтар, инвестициялар және қажет болған жағдайда тез арада сатуға болатын басқа да мүліктер жатады.
Мұнда ең маңыздысы – мүліктің кезінде сатып алынған бағасын емес, дәл қазіргі нарықтық құнын есепке алу. Жинақталған қолма-қол ақша номиналды құнымен жазылады, ал шетелдік валютадағы қаражат теңгенің қазіргі бағамы бойынша қайта есептеледі. Тұтынылған жиһаз, киім-кешек, әшекейлер мен басқа да жеке заттарды тек нарықтық құны бар, қажет кезінде сата алса ғана актив ретінде тіркеуге болады.
Мысалы: Бір отбасының 30 млн теңге тұратын өз үйі, 5 млн теңгеге бағаланатын көлігі, 1,2 млн теңге көлеміндегі депозиті, «Отбасы банкінде» 4 млн теңге жинағы және жалға берілетін 20 млн теңгенің тағы бір пәтері бар делік. Бұл отбасының жиынтық активтерінің құны 60,2 миллион теңгені құрайды.
2-қадам: Міндеттемелер мен қарыздарды есептеу
Активтерді анықтағаннан кейін, мойныңыздағы бүкіл міндеттемені нақты көрсету қажет. Оған ипотека, тұтынушылық несие, бөліп төлеу және өзге де кез келген қарыз жатады.
Жоғарыдағы мысалды ары қарай тарқатсақ, бұл отбасының 15 млн теңге ипотекалық қарызы, 2 млн теңге тұтынушылық несиесі және 500 мың теңге бөліп төлеу міндеттемесі бар деп есептейік. Сонда отбасының жалпы міндеттемелерінің сомасы 17,5 миллион теңгеге тең болады.
3-қадам: Меншікті капитал мен таза инвестициялық активтерді анықтау
Шынайы қаржылық жағдайды білу үшін бүкіл активтердің құнынан міндеттемелер (қарыздардың) сомасын алып тастау керек. Содан шыққан цифр – сіздің меншікті капиталыңыз. Дәл осы көрсеткіш сіздің уақыт өте келе дәулетіңіз артып жатқанын, болмаса кедейленіп жатқаныңызды көрсетеді.
Мысалдағы отбасының меншікті капиталы 42,7 миллион теңгеге тең (60,2 млн активтен 17,5 млн міндеттемені азайтқанда шыққан сома).
Алайда бұл жерде ескеретін маңызды жайт бар: кез келген мүлік қаржылық әл-ауқатқа бірдей әсер етпейді. Мүліктің бір түрі табыс әкелсе, екінші түрі тек тұрақты шығындарды талап етеді.
Мысалы, жалға берілетін пәтер, банктегі депозит мен инвестициялар — табыс әкелетін инвестициялық активтер.
Ал адамның өзі тұрып жатқан үйі мен мінген көлігінің құны жоғары болғанымен, олар өзінен-өзі ешқандай табыс әкелмейді, сондықтан олар инвестициялық пассивтерге жатады.
Егер меншікті капиталдан осы инвестициялық пассивтердің (өз үйі мен көлігінің) құнын алып тастаса, таза инвестициялық активтердің сомасы шығады. Дәл осы көрсеткішті уақыт өте келе ұлғайту өте маңызды.
Біз қарастырған мысалда өз үйі мен көліктің құны 35 млн теңгені құрайды. Оны меншікті капиталдан (42,7 млн теңгеден) шегергенде, таза инвестициялық актив көлемі 7,7 миллион теңге болады.
Қаржыны қалай дұрыс басқару керек?
Меншікті капиталдың өсуі екі жолмен: активтерді көбейту немесе қарыздарды азайту (жабу) арқылы жүзеге асады. Алайда ең тиімді даму жолы — таза инвестициялық активтердің сомасын тұрақты түрде арттыруға ұмтылу.
Егер әр үш ай сайын өз қаржылық жағдайыңызды осылайша бағалап, меншікті капиталыңыз бен инвестициялық активтеріңіздің өсіп жатқанын байқасаңыз, демек сіз дұрыс бағытта келесіз және өз қаржыңызды сауатты басқарып отырсыз.
Бұған дейін сарапшы 6 айға жететін қаржы қорын қалыптастыру үшін қанша ақша жинау керек екенін түсіндірген.