18 шілдедегі эстафетаға орай Алматыдағы кей көшелер уақытша жабылады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Алматы қаласының әкімдігі

18 шілдеде Алматыда Summer Relay жазғы кешкі эстафетасы өтеді. Осыған байланысты қаланың орталық көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

Жарыс «Астана» алаңында басталып, сол жерден аяқталады. Ересектер жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын қашықтықты, ал жас қатысушылар 500, 1000 және 2000 метр қашықтықтарды бағындыруы керек.

Эстафета – Төле би, Қабанбай батыр, Панфилов көшелері және Абылай хан даңғылы арқылы өтеді. Қатысушылар Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Алматы» қонақүйі, Жамбыл Жабаев ескерткіші, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, сондай-ақ Темірбек Жүргенов ескерткішінің жанынан жүгіріп өтеді.

фото: Алматы қаласы әкімдігі

Жарысқа байланысты көлік қозғалысына мынадай уақытша шектеу енгізіледі:

  • 18 шілде сағат 09:00-ден 19 шілде сағат 06:00-ге дейін – Төле би көшесінде (Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейін);
  • 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Абылай хан даңғылында (Төле би көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін);
  • 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Қабанбай батыр көшесінде (Абылай хан даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін);
  • 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Панфилов көшесінде (Қабанбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін).

Мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медаль табысталады. Ал PRO және Business санаттарының жеңімпаздарына ақшалай сертификат беріледі. Жарыс бағдарламасы сағат 18:00-де балалар жарысымен басталады. Сағат 20:00-де 2 шақырымдық жүгіру, ал 21:00-де Summer Relay негізгі эстафетасы өтеді.

Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарына көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеуді ескеріп, бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 25 тамыздан бастап тротуарда электрсамокатпен жүруге тыйым салынады

Сондай-ақ оқыңыз