Шомылу маусымы басталғалы елде 70-ке тарта бала суға кетті

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалған кезде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырады.
Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы 69 бала қаза тапқан.
«Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға рұқсат жоқ жерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер», – деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Айта кетейік, тыйым салынған орындарда шомылғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жыл басынан бері осы әрекет үшін 2700-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Қапшағай су қоймасында 2006 жылы туған бойжеткен мен 2004 жылы туған жігіт суға кетті.