Жаңалықтар

Қазақстанда ең көп темекі шегетін өңірлер анықталды

Темекі тұтыну көрсеткіші / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанда қазір 15 жастан асқан азаматтардың 15,1%-ы темекі шегеді. Оның ішінде 13,6%-ы темекіні күн сайын, 1,5%-ы анда-санда тартады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы ересектердің темекі тұтынуына арналған зерттеуінде айтылған.

Зерттеудегі ең үлкен айырмашылық ерлер мен әйелдер арасында байқалады. Ерлердің 30,5%-ы темекі тартса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 4,9% болды. Яғни ерлер арасындағы темекі тұтыну деңгейі әйелдерден шамамен 6,2 есе жоғары.

Күнделікті темекі тартатындардың арасында да ерлер әлдеқайда көп: ерлердің 27,9%-ы және әйелдердің 4,2%-ы күн сайын шылым шегеді.

Ауылдағы көрсеткіш қаладан жоғары

Ауыл тұрғындарының 17,8%-ы темекі тұтынады. Қалада бұл көрсеткіш 14%-ды құрайды. Күнделікті темекі тарту деңгейі ауылда 16,9%, қалада 12,3% болды.

Алайда темекі тұтынушылардың жалпы құрылымына қарасақ, олардың 65,5%-ы қалада, 34,5%-ы ауылда тұрады. Бұл айырмашылық қала халқының саны көбірек болуымен байланысты.

Өңірлер рейтингі · 2026

Қазақстанның қай өңірінде темекі көбірек тұтынылады?

Қазіргі уақытта темекі өнімдерін тұтынатын 15 жастан асқан респонденттердің өңірлер бойынша үлесі.

Ең жоғары көрсеткіш
20,2%
Ұлытау облысы
Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш
15,1%
Шамамен әрбір жетінші тұрғын
Ең төмен көрсеткіш
10,5%
Түркістан облысы
Темекі тұтынатын халықтың үлесі
Өңірлер көрсеткіштің жоғарысынан төменіне қарай орналастырылды
Ұлытау облысы
20,2%
Жетісу облысы
18,5%
Қарағанды облысы
17,6%
Астана қаласы
17,6%
Ақмола облысы
17,3%
Солтүстік Қазақстан
17,2%
Қостанай облысы
16,4%
Алматы қаласы
16,0%
Абай облысы
15,7%
Ақтөбе облысы
15,4%
Қазақстан
15,1%
Алматы облысы
14,8%
Жамбыл облысы
14,6%
Қызылорда облысы
14,2%
Маңғыстау облысы
13,9%
Атырау облысы
13,7%
Батыс Қазақстан
13,1%
Шымкент қаласы
12,1%
Павлодар облысы
11,0%
Шығыс Қазақстан
10,6%
Түркістан облысы
10,5%
Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш – 15,1%
Негізгі айырмашылық: Ұлытау облысындағы көрсеткіш Түркістан облысымен салыстырғанда 9,7 пайыздық тармаққа немесе шамамен 1,9 есе жоғары.
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы, ересектердің темекі өнімдерін тұтынуы жөніндегі зерттеу, 2026 жыл.
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Темекіні ең көп тартатындар кімдер

Темекі шегу көрсеткіші жас ұлғайған сайын өсіп, 40-59 жас аралығында ең жоғары деңгейге жетеді.

49-59 жастағы респонденттердің 21%-ы темекі тартады. 39-48 жас аралығындағы көрсеткіш – 20,7%, ал 29-38 жастағылардың 17,6%-ы шылым шегеді.

60 жастан асқан адамдар арасында көрсеткіш 9,6%-ға дейін төмендейді. 18-28 жастағы тұрғындардың 8,2%-ы темекі тұтынады.

15-17 жас тобында темекі тұтыну деңгейі 3,8%, ал күн сайын тұтыну үлесі 3,1% болған.

Темекіні ең көп тартатын өңірлер

Ұлытау облысында темекі шегетіндердің қатары көп. Мұнда тұрғындардың 20,2%-ы темекі тартады.

Одан кейін Жетісу облысы – 18,5%, Қарағанды облысы мен Астана қаласы – 17,6%-дан келеді. Ақмола облысында көрсеткіш 17,3%, Солтүстік Қазақстан облысында 17,2% болды.

Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген – 10,5%. Шығыс Қазақстан облысында темекі тарту деңгейі 10,6%, Павлодар облысында 11%, Шымкентте 12,1% болды.

Өңірлер арасындағы айырмашылық шамамен екі есеге жетеді: Ұлытаудағы көрсеткіш Түркістан облысымен салыстырғанда 9,7 пайыздық тармаққа жоғары.

Темек бағасы Қазақстанда қымбаттап барады. Темекі бағасы шамамен әр жарты жыл сайын өсіп тұрады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап фильтрлі және фильтрсіз 20 тал темекі, папирос, сигарилла және қыздырылатын темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағасы 970 теңге болып белгіленген еді.

Тағы да оқыңыз: Былтыр Philip Morris Қазақстан 184 млрд салық төлеген.