Алматыда 25 тамыздан бастап тротуарда электрсамокатпен жүруге тыйым салынады

25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Жаңа талапқа сәйкес, электрсамокатпен жолдың жүру бөлігінде тек кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтар ғана қозғала алады.
Жаңа талаптардың орындалуын кім бақылайды
Жаңа талаптардың орындалуын тек полиция ғана емес, кикшеринг қызметін ұсынатын компаниялар да бақылайды.
Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, самокат тыйым салынған аймаққа кірген кезде жүйе оның жылдамдығын автоматты түрде төмендетеді. Одан кейін құрылғы толық бұғатталады.
Автоматты шектеулерден бөлек, талаптардың сақталуын патрульдік полиция экипаждары, жаяу патрульдер және самокатпен жүретін полиция қызметкерлері де тексереді.
Тағы бір жиі кездесетін мәселе – бір самокатқа екі адамның мінуі. Қазіргі техникалық жүйелер жолаушылар санын анықтай алмайтындықтан, мұндай құқықбұзушылықтарды полиция тек патрульдеу кезінде анықтап, оқиға орнында әкімшілік хаттама толтыра алады.
Айта кетейік 1 сәуірден бері Алматыда қорғаныш бас киімін кимей самокат мінудің 200-ден астам дерегі тіркелген.
Құқықбұзушылық туралы қайда хабарлауға болады
Құқықбұзушылық туралы 102 нөміріне, Жедел басқару орталығының фото және бейне тіркеуге болатын электронды сервистері арқылы немесе eOtinish порталы арқылы хабарлауға болады.
Жақын уақытта полиция тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы WhatsApp нөмірін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл арқылы электрсамокаттарға қатысты құқықбұзушылықтармен қатар, басқа да оқиғалар, соның ішінде күмәнді әрекеттер туралы хабарлауға мүмкіндік беріледі.
Салтанат Әзірбек қолданыстағы заңнамада құқықбұзушылық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы қарастырылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қызмет толықтай ерікті негізде жұмыс істейді.
Еске салайық, Алматыда велосипедшілер үшін инфрақұрылым дамып жатыр. Бұған қоса, жол белгілері мен таңбалары, бағдаршамдар жаңартылып жатыр. Аялдамаларға LED-таблолар орнатылып, электросамокат пен кикшеринг қызметтеріне қатысты жаңа ереже енгізіле бастады.