
Продюсер, кәсіпкер Баян Алагөзова Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешоваға сыйлаған пәтерін көрсетіп, шашу шашты.
Алагөзова осыдан екі ай бұрын Өтекешоваға пәтер сыйлауға уәде бергенін айтып, бүгін актрисаны жаңа пәтеріне шақырды.
Видеодан пәтердегі барлық жиһаздардың дайын тұрғанын, әр бөлменің сәнденілгенін көруге болады. Өтекешоваға әсіресе қабырғаға ілінген «Қыз Жібек» образындағы картина қатты ұнады. Ол картинаны екі ай бойы суретші Ботагөз Аканаева салған.
Бұған қоса, продюсер Халық әртісіне тағы бір сыйлық жасап, Түркияға екі адамға жолдама алып қойғанын айтты. Өтекешова алғаш рет «демалысқа» кететінін айтып, ағынан жарылды.
«Сөзім жоқ. Көзіме жас келіп тұр», – деді үйді аралап жүргенде Өтекешова.
Естеріңізге сала кетейік, әңгіме «Қыз Жібек» камзолынан басталды. 17 сәуірде белгілі продюсер Баян Алагөзова Қыз Жібек қамзолын киіп, баға жетпес жәдігерді сыйға алғанын желіде жариялады. Артынша-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі реквизиттің жеке қолға қалай өткенін тексеретінін мәлімдеді. Дегенмен продюсер «50 жыл бойы ешкім іздемеген» қамзолды ешкімге бермеймін деген еді. Кейіннен дауға Өтекешова тіл қатып, Алагөзованың қолындағы қамзолдың тұпнұсқа екенін растаған.
Осыдан кейін Алагөзова назарын Өтекешоваға аударып, оның пәтер жалдап жүргенін біліп, оған Алматыдан пәтер сыйға тартатынын мәлімдеді. Бұған қоса, ай сайын 1 млн теңге зейнетақы төлеп отыратынын айтты.