Астанада қайтыс болған адамның жүрегі науқасқа салынды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Астанада қайтыс болған донордың жүрегі басқа науқасқа сәтті трансплантацияланды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, операция жүрек ауыстыруды ұзақ уақыт күткен пациенттің өмірін сақтап қалған.

14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астана қаласының Көпбейінді медицина орталығында әлеуетті донор анықталған. Донордың отбасы бұған келісім берген.

Министрлік алғыс айтты

UMC трансплантологтары 1966 жылы туған пациентке жүрек трансплантациясын сәтті жасап шықты. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, операциядан кейінгі кезеңге сәйкес бақылауда.

Министрлік донордың жақындарына қабылдаған шешімі үшін алғыс айтып, операцияға қатысқан дәрігерлерге, санитариялық авиация қызметкерлеріне және донорлық үдерісті ұйымдастырған барлық маманға ризашылығын білдірді.

4 739 адам кезек күтіп отыр

Ведомствоның дерегінше, бүгінде Қазақстанда 4 739 адам, оның ішінде 125 бала өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды күтіп отыр. Олардың 4 208-іне бүйрек, 293-іне бауыр, 208-іне жүрек, 30 адамға өкпе, ал 5 науқасқа жүрек-өкпе кешенін ауыстыру қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім беру өзге адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сәуір айында Қазақстанда алғаш рет жасөспірімнің жүрегіне трансплантация жасалған еді. Ол кезде 43 жастағы ер адамның жүрегін 15 жастағы жасөспірімге салынды.

Сондай-ақ оқыңыз