Биыл колледждерге 140 мың грант бөлінді: құжатты қашанға дейін тапсыру қажет

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Алматы машина жасау колледж
Қазірге дейін 55 мың талапкер құжат тапсырған/фото: gov.kz

2026-2027 оқу жылында колледждерде маман даярлауға 140 мың грант бөлінді. Қазірге дейін тек 55 мыңға жуық талапкер құжат тапсырған. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Басымдық берілген мамандықтар

Гранттарды жергілікті әкімдіктер мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бөліп отыр. Оның басым бөлігі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бағытталған.

Сонымен қатар жасанды интеллект технигі, мехатроника, жаңартылатын энергетика, графикалық анимация технигі, экологиялық туризм менеджері секілді мамандықтар да бар.

Еске сала кетейік, азаматтардың бірқатар санаты үшін квота қарастырылған. Ауыл жастарына – 35%, мүгедектігі бар адамдарға – 10%, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға – 5%, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 1%. Құжат тапсыру кезінде талапкерлер eGov.kz порталында өздеріне тиесілі квотаны көрсете алады.

Құжатты қалай тапсыруға болады

Құжаттарды eGov.kz порталы арқылы немесе тікелей таңдалған колледжге барып тапсыруға болады. Талапкерде 4 мамандық пен 4 колледжді таңдау мүмкіндігі бар.

Жұмысшы біліктілігі бойынша құжат қабылдау 27 тамызға дейін жалғасады. Бұл бағытта талапкерлер емтихансыз қабылданады.

Орта буын мамандықтарына құжат қабылдау 20 тамызға дейін жүргізіледі. Конкурс 23-24 тамызда аттестаттың орташа балы негізінде өтеді.

Педагогикалық және медициналық мамандықтарға құжат қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Конкурс 16-17 тамыз күндері өткізіледі. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер сұхбаттасудан, эссе немесе диктант жазу кезеңдерінен өтеді.

Медициналық мамандықтарға арнайы емтихан, ал шығармашылық мамандықтарға шығармашылық емтихан қарастырылған.

Ақылы негізде оқуға 27 тамызға дейін, ал кешкі және сырттай оқу үшін құжат 20 қыркүйекке дейін қабылданады.

Дипломын жыртқан түлек

Бұған дейін Дәулет Әбдірахман есімді түлек бітіру кешінде дипломын жыртып тастады. Содан кейін колледж оқытушылары мен әкімшілігінен кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Артынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз