Енді зейнеткерлер несиені онлайн рәсімдей алмайды

Енді 65 жастан асқан қазақстандық зейнеткерлер несие рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне жеке өзі келуі тиіс. Есесіне елде ақшаға алданып қалған зейнеткерлердің қатары азаяды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Қазіргі уақытта алаяқтардың егде жастағы тұрғындармен байланысып, оларды қомақты несие рәсімдеуге көндіріп, қақпанына түсіріп жатады. Журналистер Ұлттық банкте өткен брифингте Тимур Сүлейменовтен банктер неліктен мұндай несиелерді беруді жалғастырып жатқанын сұрады. Сонымен қатар «талап неліктен қатаңдамайды» деген де сауал көтерді.
Тимур Сүлейменов қажетті шаралардың бір бөлігі қабылданып қойғанын айтты.
Оның сөзінше, өткен жылы Парламент заңнамаға 18-ден 21 жасқа дейінгі жастардың, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтардың несие алуына қатысты өзгерістер енгізген.
«Осы санаттағы азаматтар үшін банк бөлімшесіне міндетті түрде өзі келу талабы қарастырылған», – деді Сүлейменов.
Ол алаяқтардың көбіне несиені онлайн рәсімдеу әдісін қолданатынын түсіндірді.
«Алаяқтықтың негізі телефон арқылы адамға бағыт-бағдар беріп отыру. Ол банкке бармай, менеджермен сөйлеспей-ақ, онлайн несие рәсімдеп, биометриядан өтеді. Оған не істеу керектігін үнемі айтып отырады. сосын алаяқтың арбауына түсіп қалады»», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сондықтан, Тимур Сүлейменовтің айтуынша, банк бөлімшесіне жеке өзі келу туралы талап енгізілген.
Ұлттық банк басшысы бұдан кейін негізгі жауапкершілік банк менеджерлеріне жүктелетінін баса айтты.
«Егер банк менеджері адамның біреудің ықпалында жүргенін, несиенің не үшін қажет екенін түсінбейтінін байқаса немесе «маған біреу телефон соғып, несие рәсімдеу керек деп айтты» десе, банк несие беруден бас тартуға міндетті. Бұл жерде банктің өз еркіне жол берілмейді. Ол «жоқ, құрметті клиент, біз сізге бұл несиені бере алмаймыз» деп айтуға міндетті», – деп мәлімдеді Сүлейменов.
Ол банктердің бұл талаптарды орындауын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайтынын атап өтті.
Бүгін Ұлттық банк QR арқылы орындалатын банкаралық төлем жобасының таныстырылым өткізді. Іс-шара барысында Тимур Сүлейменов бұл жүйенің маңыздылыға тоқталып, 19 шілдеден бастап аталған жүйе іске қосылатынын айтты.