Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен енді Ұлытау облысын басқарады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен
Астана әкімінің орынбасары қызметінен облыс әкімі лауазымына дейін өсті / фото: gov.kz

Мемлекет басшысы 40 жастағы Есет Байкенді Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Есет Берікұлы Байкен Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Ол бұған дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген. Байкен жаңа қызметте Дастан Рыспековтің орнына келді. Соңғысын президент жұма күні қызметтен алған.

Есет Байкен 1986 жылы Қарағанды облысында туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Құқықтану және қаржы бакалавры.

Қызмет жолын 2008 жылы Астана қаласы әкімдігінде бастап, бас инспектор қызметіне дейін көтерілген. Аз уақыт Президент әкімшілігінде істеген. 2019 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданының, ал 2020-2022 жылдары Астанадағы Сарыарқа ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Кейінгі төрт жылда Астана қаласы әкімінің орынбасары болған.

Айта кетейік, президент 17 шілдеде таңертең Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновті қызметінен алып, оның орнына 55 жастағы 55 жастағы Болат Ақшолақовты тағайындаған.

Сондай-ақ оқыңыз