Инвестиция қай өңірлерге көбірек кетті

2026 жылдың алғашқы алты айында инвестиция ең көп Астана мен Алматыға бағытталды. Елордаға 1,09 трлн теңге, Алматы қаласына 1,02 трлн теңге салынған. Осы екі қала елдегі барлық инвестицияның шамамен бестен бір бөлігін жинап отыр.
Үшінші орында Түркістан облысы тұр. Өңірге 894,6 млрд теңге инвестиция салынып, бір жылдағы нақты өсім 44,4%-ға жетті. Бұл Түркістанды көлемі де, өсімі де жоғары өңірлердің қатарына шығарды.
Атырау облысына 736,2 млрд теңге, Ақтөбе облысына 542,4 млрд теңге, Маңғыстау облысына 533,6 млрд теңге, Алматы облысына 532,1 млрд теңге инвестиция бағытталған. Мұнайлы өңірлерде инвестиция көлемі әлі де жоғары болғанымен, өсім қарқыны салыстырмалы түрде баяу.
Ең жылдам өсім Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда инвестиция бір жылда 99,2%-ға, яғни екі есеге жуық артқан. Бірақ көлемі әзірге 159,9 млрд теңге ғана. Жамбыл облысында өсім 59,6%-ды, Түркістанда 44,4%-ды құрады.
Жан басына шаққанда Атырау облысы көш бастап тұр. Мұнда әр тұрғынға шамамен 1,03 млн теңгеден инвестиция келеді. Одан кейін Ұлытау — 731,6 мың теңге, Павлодар — 693,1 мың теңге, Астана — 654,8 мың теңге және Маңғыстау — 649,1 мың теңге.
Жалпы көрініс екіге бөлінеді: Астана мен Алматы инвестиция көлемі бойынша алда болса, Ұлытау, Жамбыл және Түркістан өсім қарқынымен ерекшеленіп отыр. Ал Жетісу мен Шымкентте инвестициялық белсенділік әлсіреген.