«Проблемалық кредиттер қоры» басшыларына 232 млн теңге төлеген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Проблемалық кредиттер қорының» басшылары 2025 жылы 232 млн теңгеге жуық сыйақы алған. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі ақпаратта жазылған.

Соған сәйкес, 6 топ-менеджерінің былтыр алған сыйақысы 231,8 млн теңгені құраған. Қаржы министрлігіне қарайтын мекеме басшылығында 6 адам бар. Олар: Қалилла Абдуллаев, Нұржан Байғазиев, Асқар Ерназаров, Алмас Омарханов, Әділ Мелісов пен Мұхит Түменбаев.

Қор 2012 жылдың басында тіркелген. Оның негізгі мақсаты – екінші деңгейлі банктердің жұмыс істемейтін несиелерін сатып алу. Осы арқылы банк портфельдерінің сапасы жақсарады. Сондай-ақ Қор бұл активтерді сауықтырып, нарыққа қайтарады.

Топ құрамында бірнеше еншілес компания бар: KAZKOM Realty» ЖШС, ««ҚазТранзитСервис» ЖШС және «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ. Қордың жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Түпкілікті бақылаушы тарап – Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Шоғырландырылған есепке сәйкес, 2025 жылы топ 5,2 млд теңге таза пайда алған.

Топтың жинақталған шығыны бар. Ол 2025 жылдың соңында 264,5 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 265,6 млрд теңгеден сәл азайған. Сонымен қатар Топ 2025 жылы Ұлттық қорға 23 млрд теңге ерікті аударым жасады. Жай акциялар бойынша 4 миллиард теңгеден астам, ал артықшылықты акциялар бойынша 8,3 млн теңге дивиденд төленді.

Бұған дейін Kursiv.Media жолаушылар тасымалдайтын компания басшыларына 278 млн теңге сыйақы төлегенін жазған.

Сондай-ақ оқыңыз