Экономика

Ресей қор нарығы құлдырап жатыр: MOEX 17 апта бойы тоқтаусыз төмендеді

Ресейдің қор нарығы төмендеп келеді / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ресей қор нарығы соңғы айларда инвесторлардың жүйкесін әбден жұқартты. Кезінде мұнай мен банктердің акциялары өссе, Мәскеу биржасы да бірге көтерілетін. Қазір жағдай керісінше. MOEX индексі қатарынан 17 апта бойы төмендеп келеді. Мұндай ұзақ құлдырау 1997 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Соңғы сауда күнінде индекс тағы 4,3%-ға жуық құлдырап, 2 022 пунктке дейін түсті. Бір айдың ішінде шамамен 19%-ын, ал бір жылда 27%-ға жуық жоғалтты. Бұл – Ресей нарығының соңғы бірнеше жылдағы ең әлсіз көрсеткіштерінің бірі.

Неге бұлай болды? Себебі көп. Ресейде несие әлі де қымбат, жоғары пайыздық мөлшерлеме компаниялардың инвестиция салуын тежеп отыр. Оның үстіне мұнай бағасының құбылуы, санкциялық қысым және экономиканың баяулауы инвесторлардың тәуекелге бару ынтасын азайтты. Нәтижесінде нарықтан ақша кетіп, акциялар бірінен соң бірі арзандап жатыр.

Сонымен қатар шілде айының басында Украина дрондарының Ресейдегі мұнай өңдеу инфрақұрылымына, соның ішінде Омбыдағы өндірістік нысандарға жасаған шабуылдары нарықтағы сатылымды күшейтті. Инвесторлар мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) жұмысының тоқтауы жанармай тапшылығын ұлғайтып, мұнай компанияларының шығынын арттырады деп қауіптенді. Ресейлік нарық сарапшылары да бұл оқиғаны MOEX индексінің күрт төмендеуіне түрткі болған факторлардың бірі ретінде атады