Тоқаев Қытай төрағасын «біртуар көшбасшы» деп атады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы форумда сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайдағы форумда сөйледі / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Шанхайдағы форумда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ұсынған тұжырымдаманы мақтап, әлемдегі қақтығыстарды ЖИ көмегімен шешу жолдарын ұсынды.

Қытай төрағасы туралы

Ақорда мәліметінше, конференция мінберіне көтерілген Тоқаев Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін тілге тиек етті.

«Осы орайда Қытай төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын» құру туралы тұжырымдаманың маңызы зор. Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды», – дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Си Цзиньпинді «тарихи ауқымдағы біртуар көшбасшы» деп атады.

Әлемдегі қақтығыстарды шешу

Президенттің пікірінше, ЖИ экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналып келеді.

«Өкінішке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр», – деп есептейді Тоқаев.

БҰҰ 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 трлн долларға жетеді деп болжап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз