Қазақстанда қияр, қызанақ және сәбіз арзандады

Қазақстанда бір апта ішінде бірнеше әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Бағасы ең көп арзандаған өнім – қияр. Оның құны бір аптада 4,6%-ға төмендеп, орташа бағасы келісіне 524 теңгені құрады. Ең арзан қияр Тараз қаласында сатылды – келісі 357 теңге.
Сондай-ақ бір апта ішінде мына өнімдердің бағасы төмендеді:
- қызанақ пен сәбіз – 3,2%-ға;
- жұмыртқа – 0,4%-ға;
- ұн – 0,3%-ға;
- тауық еті – 0,2%-ға.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы жеті қалада арзандаған. Атап айтқанда, Ақтауда – 0,7%, Қонаевта – 0,3%, Жезқазған мен Петропавлда – 0,2%, Тараз, Қарағанды және Түркістан қалаларында – 0,1%-ға төмендеді.
Ал Астана, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Павлодар және Семей қалаларында бір апта ішінде баға өзгермеген.
Ел бойынша күріштің орташа бағасы келісіне 534 теңге болды. Ең төмен баға Қызылордада – 456 теңге, Алматыда – 478 теңге деңгейінде тіркелді.
Ақ қырыққабаттың орташа бағасы келісіне 198 теңгені құрады. Ең арзан қырыққабат Түркістанда сатылды – 137 теңге.
Бірінші санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 561 теңге болды. Ең төмен баға Қызылордада – 464 теңге, Оралда – 476 теңге.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 өнім кіреді.
Ал Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сәйкес, өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 21 түрінің бағасы өзгерген. Алайда олардың басым бөлігінде өсім 1%-дан аспаған.