Дастан Сәтбаев «Челси» сапында алғашқы ойынын өткізді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Chelsea.com

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтбаев лондондық «Челси» сапындағы алғашқы кездесуін өткізді. Бұл туралы британдық журналист Низаар Кинселла хабарлады.

Алғашқы матч

17 жасар отандасымыз «ақсүйектердің» Кобхэмдегі жаттығу базасында өткен жабық жолдастық кездесуде бағын сынады. «Кроули Таун» клубына қарсы өткен бұл ойын Хаби Алонсо шәкірттерінің 2026/27 жылғы маусымға дайындық аясындағы алғашқы матчы.

Дастан Сәтбаев алаңға үзілістен кейін шығып, «Челси» сапында өзін көрсетуге мүмкіндік алды. Тартысты өткен кездесу лондондықтардың 3:1 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды.

Ойында «Челсидің» жаңадан қосылған ойыншысы Джейми Гиттенс есеп ашса, екінші таймда Эммануэль Эмега мен Лиам Делап есепті еселей түсті.

Жастарға сенім

Бас бапкер Хаби Алонсо бұл кездесуде жас таланттарға көбірек мүмкіндік берді. Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ алаңға Махди Нишоль-Жазули мен Лэндон Эменало секілді жас ойыншылар шықты. Ал екінші таймда жаттықтырушылар штабы құрамды толықтай жаңартып, алаңға Реджи Уотсон, Реджи Уолш, Райан Кавуму-Маккуин, Калвин Диаките, Генезис Анви және отандасымыз Дастан Сәтбаевты шығарды.

Келісімшарт күшіне қашан енеді?

Дастан Сәтбаев пен «Челси» клубы арасындағы ресми келісімшарт 2026 жылдың 12 тамызында, футболшы 18 жасқа толған сәтте заңды күшіне енеді.

Қазіргі уақытта жас шабуылшы ағылшын клубының жаңа ортасына бейімделіп, негізгі құраммен бірге белсенді түрде жаттығу өткізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз