Мбаппе Мессидің рекордын бұзып, Әлем чемпионаты тарихындағы үздік сұрмерген атанды

Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты тарихқа енетін бірегей нәтижемен ерекшеленді. Франция құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Киллиан Мбаппе әлем біріншіліктерінде соққан голдар саны бойынша аргентиналық Лионель Мессиді басып озып, мундиальдар тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды.
Мбаппе бұл тарихи жетістікке Әлем чемпионатының үшінші орны үшін өткен Франция және Англия құрамалары арасындағы кездесуде қол жеткізді.
Ойынның екінші жартысында Килиан Мбаппе Майкл Олисенің берген пастарынан кейін екі мәрте гол соқты. Осы екі голдың арқасында Мбаппенің әлем чемпионаттарында соққан жалпы голдар саны 22-ге жетті. Ол бұған дейін 21 голмен көш бастап тұрған Лионель Мессидің рекордын жаңартты.
Герд Мюллердің 56 жылдық нәтижесі қайталанды
Ағымдағы турнирде Килиан Мбаппе 10 гол соғып, үздік бомбардирлер жарысында да дара көш бастап тұр. Ал Лионель Месси 8 голмен екінші орында келеді.
Мбаппе Әлем чемпионатында мұндай жоғары нәтиже көрсеткен соңғы 56 жылдағы алғашқы футболшы атанды. Бұған дейін, 1970 жылғы мундиальда ГФР құрамасының шабуылшысы Герд Мюллер бір турнирде 10 гол соққан болатын.
Әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмергендер
- Килиан Мбаппе (Франция) – 22 гол
- Лионель Месси (Аргентина) – 21 гол
- Мирослав Клозе (Германия) – 16 гол
- Роналдо (Бразилия) – 15 гол
- Герд Мюллер (ГФР) – 14 гол
- Харри Кейн (Англия) – 14 гол
- Жюст Фонтен (Франция) – 13 гол
- Пеле (Бразилия) – 12 гол
Мессидің қарымта қайтаруға мүмкіндігі бар
Килиан Мбаппе көш басына шыққанымен, бұл тарихи текетіреске әлі нүкте қойылған жоқ. Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси бүгін 19 шілде күні Әлем чемпионатының финалдық матчында алаңға шығады. Мессидің қоржынында қазір 21 гол бар, демек, бүгінгі финалда гол соқса, нәтижені теңестіріп, тарихи тақты өзіне қайтарып алуға әлі де толық мүмкіндігі бар.