Алматы облысында аптапта бірнеше ауыл қоқыс өртіне тұншығып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: instagram.com/reklama_baiterek_i_okrug
фото: instagram.com/reklama_baiterek_i_okrug

Алматы облысында бірнеше ауылдың тұрғындары аптап ыстықта қоқыстан шыққан түтінге тұншығып жатыр.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылы мен оған қарасты саяжай тұрғындары күрделі экологиялық жағдайға шағым түсірді. Олар заңсыз қоқыс полигонын жабу және бейберекет қоқыс үйінділерінің қызметін тоқтатуды талап етіп отыр.  

Талғар ауданы әкімдігінің ақпараты қоқыстың өртенгенін растаған болатын.

«2026 жылғы 18 шілде күні сағат 17:44-те Талғар ауданы Кендала ауылдық округіне қарасты Ақтас ауылының маңында орналасқан «ЭкоСервисГрупп» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ, өрттің сөндіріліп жатқаны көрсетілген видео жариялаған.

Полигон иесі кім?

Десе де, бұл аймақ тұрғындарын әкімдіктің бұл әрекеті қанағаттандырмай отыр. Ұжымдық шағым жазып жатыр.

«Біздің ауданымызда ҮАК тасжолы бойында Бәйтерек және Ават ауылдарының арасында, Үлкен Алматы каналының маңында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істейді. Полигон «Эко Сервис Групп» ЖШС-на (БСН 080940002855) тиесілі. Компания 2008 жылғы 4 қыркүйекте Рысқұлбеков көшесі, 33-үй мекенжайында тіркелген. Басшысы – Жұмағали Ғали-Батыр. Негізгі қызмет түрі – қауіпті емес қалдықтарды өңдеу және жою» – делінген ұжымдық шағымда.

Бірнеше ауыл мен саяжай зардап шекті

Тұрғындардың айтуынша, Бәйтерек ауылына өте жақын жерде бұрынғы жабық карьер орналасқан. Қазіргі уақытта ол қоқыспен толтырылып жатыр және онда тұрақты түрде өрт шығып, қоқыс әдейі өртеледі.

Қоқыстың түтіні, күйік иісі мен шіріген қалдықтардың сасық иісінен Бәйтерек, Ават ауылының, Бәйтерек ауылдық округіне қарасты саяжайлардың, Еңбекшіқазақ ауданының, Талғар ауданы саяжайларының және Ақтас ауылы тұрғындарының барлығы зардап шегіп отыр.

«Алайда полигон орналасқан жер телімі әкімшілік тұрғыдан Алматы облысының Талғар ауданына қарайды. Дәл осы жағдай және жердің жеке меншік болуы бұл нысанды толық жабуға ұзақ жылдар бойы кедергі келтіріп отыр», – делінген шағымда.

Канал суын ластайды

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ауа жиі түтінге толады. Шіріген қоқыстың жағымсыз иісі тарайды. Қалдықтардың сүзінділері топыраққа сіңіп, елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ететін ұңғымаларға жетуі мүмкін. Сонымен қатар барлық ластаушы зат Үлкен Алматы каналына түседі. Бұл канал арқылы ауыл аймақтағы егістік алқаптар, бақшалар мен тасжол бойындағы жылыжайлар суарылады.

Түрлі ауру тудырады

«Түтін мен шіріген қоқыстың өткір иісі тыныс алу жүйесі ауруларының – астма, бронхит, аллергиялық реакциялар асқынуына себеп болып отыр.  Әсіресе желді күндері тұрғын үйлердің терезесін желдету үшін ашудың өзі мүмкін емес», – делінген ұжымдық шағымда.
Сондай-ақ тиісті бақылаудың жоқтығынан айналадағы аумақтарда тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының заңсыз үйінділері көбейіп келеді. Бұл кеміргіштер мен түрлі зиянкес жәндіктердің қаптауына түрткі болған.

Экологиялық апат деп бағаланды

«2026 жылғы 18 шілдеде сағат 18:40-та қоқыс полигонында өздігінен тұтану немесе қасақана өрт қою оқиғасы болды. Бұл жағдайды толық негізбен экологиялық апат деп атауға болады», – дейді тұрғындар.

Бәйтерек ауылының өзінде және оған жақын орналасқан саяжайларда үш мыңнан астам адам тұрады. Ал бұл қоқыс полигонына жақын орналасқан өзге елдімекен тұрғындарының саны одан да көп. Олардың барлығы түтіннен, жағымсыз иістен және осы мәселеден туындаған басқа да қиындықтардан зардап шегіп отыр.

Тұрғындар талабы

Тұрғындар аталған полигондардың қызметіне экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкестігі бойынша жан-жақты тексеру жүргізуді, қоқыс полигонын жабу бойынша нақты шаралар қабылдауды, аумаққа тұрақты бақылау орнатуды, жауапты тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

Ұжымдық өтініш Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігіне,  Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылдық округінің әкімдігіне,
Алматы облысы Талғар қаласының әкімдігіне, Алматы облысының прокуратурасына, Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне
жолданбақ.

Сондай-ақ оқыңыз