Алматыда өрт сөндірушілер отты жақын маңдағы үйлерге жеткізбей сөндірді

Алматының Медеу ауданында қойма ғимараты өртеніп, жалын шарпыған аумақ 280 шаршы метрге жетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары тілсіз жаудың көршілес нысандарға таралуына жол бермеді.
Оқиға Тәтібеков көшесінің бойында орналасқан бір қабатты қойма ғимаратында болған. Шатырдан басталған өрт аптап ыстықтың салдарынан тез арада өршіп, сөндіру жұмыстарын айтарлықтай қиындатты. Оттың көрші ғимараттарға көшу қаупі өте жоғары болды.
Десе де, ТЖМ өрт сөндірушілері жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында жалынның шатырға толық жайылуы тоқтатып, дер кезінде ауыздықтады. Ең бастысы, құтқарушылар өрттің іргелес жатқан жеке тұрғын үй мен көрші нысанға өтуіне жол берген жоқ. Сондай-ақ, мамандар іште қалған «жасырын» жану ошақтарын толық жою үшін шатыр конструкцияларын бұзып, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
ТЖМ азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Қандай да бір төтенше жағдай орын алса, бірден 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Мамандар ірі өртті өз бетіңізше сөндіруге әрекет жасамауға кеңес береді, себебі бұл өміріңізге қауіпті болуы мүмкін.