Аргентинаның бас бапкері Лионель Скалони қызметінен кететінін мәлімдеді

Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының финалында Испаниядан жеңілгеннен кейін (0:1), Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони ұлттық командадағы болашағына қатысты мәлімдеме жасады. Тәжірибелі маман алдағы жоспарымен бөлісіп, қызметінен кетуі мүмкін екенін жасырмады.
«Өзіме келетін болсам, ең алдымен бұл мәселені федерация президентімен талқылағым келеді. Әзірге желтоқсан айына дейін жұмысымды жалғастырып, одан кейін, мүмкін футболдан үзіліс алармын. Бәрін жақсылап қайта ойлану керек. Бұндай ұлы жетістікті тағы бір мәртсе қайталай аламын ба, жоқ па, оны білмеймін», – деді Скалони TyC Sports арнасына берген сұхбатында.
Бас бапкердің айтуынша, Аргентина құрамасын жаттықтыру кез келген маманның арманы. Ол өз штабымен және футболшылармен бірге соңғы минутқа дейін бар күшін салғанын атап өтті.
«Желтоқсанға дейін әлі уақыт бар. Соңғы апталарда біз толықтай Әлем чемпионатына және футболшылардың ойынын талдауға назар аудардық. Сондықтан менің болашағыма қатысты сұрақ қазір мен үшін де, федерация үшін өзекті болып тұрған жоқ», – деп толықтырды бапкер.
Скалонидің Аргентинадағы жетістіктері
Лионель Скалони Аргентина ұлттық құрамасын 2018 жылдың тамыз айынан бері басқарып келеді. Осы уақыт ішінде оның жетекшілігімен команда үлкен табыстарға қол жеткізді:
2021 және 2024 жылдары Америка Кубогының (Копа Америка) жеңімпазы атанды. 2022 жылы – Қатарда Әлем чемпиондары атанып, биылғы додада финалға дейін жетті.
Айта кетейік, 48 жастағы маманның Аргентина футбол қауымдастығымен келісімшарты 2026 жылдың желтоқсан айына дейін жасалған.
Бұған дейін, Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін Франция құрамсының бас бапкері Дедье Дешам да қызметінен кететіні туралы ақпарат тараған. Оның орнына Франция тізгінін кезінде атақты футболшы болған Зинедин Зидан ұстамақ.