«Баянауыл» ұлттық паркінде өрт шықты

«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тұтанған орман өрт дер кезінде ауыздықталды. Бұл туралы «Қазақ орманы» ақпараттық ресурсы хабарлады.
2026 жылғы 20 шілде күні таңғы сағат 09:23-те ұлттық парктің Жасыбай бөлімшесіне қарасты 21-орам, 31-бөлім аумағында өрт ошағы анықталған. Тілсіз жау шарпыған аумақтың жалпы ауданы 0,003 гектарды құрады.
«Баянауыл» МҰТП орман күзеті қызметінің мамандары мен «Қазавиаорманқорғау» РМКҚ қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында, сағат 10:54-те өрттің таралуы толықтай оқшауланды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жалынды толық сөндіру және қайта тұтанбауын қадағалау мақсатында бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, Баянауылда бұған дейін де орман өрті шығып, тілсіз жаумен күресуге және оны толықтай сөндіру жұмыстарына арнайы тікұшақ тартылған еді.