FlyArystan Алматыдан Чунцинге тікелей рейс іске қосады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: FlyArystan
фото: FlyArystan

FlyArystan Алматы-Чунцин-Алматы бағыты бойынша жаңа халықаралық рейсті іске қосатынын хабарлады.

Бұл әуе компаниясының Қытайға ашқан бесінші бағыты болмақ.  Бұған дейін FlyArystan Үрімші, Құлжа (Инин) және Сиань қалаларына рейстер орындап келеді.

Жаңа бағыттағы алғашқы рейс 2026 жылғы 23 қыркүйекке жоспарланған. Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды: Алматыдан – сәрсенбі және сенбі күндері, ал Чунциннен – бейсенбі және жексенбі күндері ұшады.

Чунцин – Қытайдағы ең ірі мегаполистердің бірі әрі елдің танымал туристік орталығы. Қала көпдеңгейлі сәулетімен және ерекше урбанистік келбетімен әйгілі. Оның ең танымал нысандарының бірі – тұрғын үйдің дәл ішінен өтетін метро желісі. Бұл қала символдарының біріне айналған.

Сондай-ақ Чунцин Қытайдың оңтүстік-батысына саяхат жасауға қолайлы бастау нүктесі саналады. Оның ішінде кварцит жартастарымен әйгілі, табиғаты «Аватар» фильміндегі көріністермен жиі байланыстырылатын Чжанцзяцзе ұлттық паркіне баруға болады.

Алматы мен Чунцин арасындағы ұшу ұзақтығы – шамамен 5 сағат.

Стандартты тариф бойынша бір бағытқа билет бағасы 96 мың теңгеден басталады.

Мұның алдында Fly Arystan Грузияға тағы бір рейс ашқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз