Оралбаева сотта «ҚазТАГ-тың» «Фридом Финанс» туралы материалды қалай іздегенін айтты

Алматының Алмалы ауданы сотында «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің басшылығына қатысты іс қаралып жатыр. 2026 жылдың 20 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Светлана Оралбаевадан куә ретінде жауап алынды.
Әйелдің айтуынша, «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов «Фридом Финанс» компаниясы туралы жаңа материалдар жариялау үшін шағымданушыларды пайдалануға тырысқан. Сөзінше, агенттік «Фридом Финанс» компаниясына қатысты материал жариялаған кезде «өз мүддесін көздеген».
Сот барысында Светлана Оралбаева журналистердің масс-медиа туралы заң талаптарын сақтамағанына назар аударды. Ал заңда редакция жарияланатын ақпаратты мұқият тексеруге міндетті деп көрсетілген. Сонымен қатар адвокат материалдар жарияланар алдында ресми сауал жолданғаны туралы редакция мәлімдемесіне күмән келтірді. Сөзінше, бір мақалада ғана ресми сауал жолдағаны жазылғанын көрген.
Куәнің айтуынша, «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасенов брокерлік компанияны сынайтын материалдарын іздеп, таратуға бастамашы болған. Осы мақсатта Жанна Қапароваға жүгінген.
«ҚазТАГ-тың осы жағдайда бәрібір өз мүддесі болған сияқты. Неге десеңіз, осы материалдан біраз уақыт өткен соң Қапарова маған хабарласып, Әмір Қасеновтің «Фридомға» қатысты тағы бір ақпарат жариялағысы келіп отырғанын айтты», – деді адвокат.
Светлана Оралбаева Қапарованы мұндай ақпараттық науқанға қатыспауға үгіттегенін, редакция ұсынған мәліметтің шындық екеніне күмәнданғанын жеткізді.
«Жанна Қапароваға «сенімді дереккөзі бар болса, онда өзі жарияласын» деп айттым. Ол шағымданып барғандарды пайдаланып, тағы бір ақпарат жарияламақ болды. Бірақ мен оларға бұлай істемеуге кеңес бердім. Олар үнемі мені осы дауға тартуға тырысты», – деп түйіндеді куә.
Бұған дейін Оралбаев сотта «ҚазТАГ» агенттігіндегі «Фридом Финанс» туралы материалдарында «алаяқтық» мен «топ-менеджер» сияқты даулы тақырыптарды агенттіктің бас редакторы Әмір Касеновтың өзі қойғанын мәлімдеді. Сөзінше, мұндай сөзді айтпаған және материал жарияланбастан бұрын мазмұнымен таныспаған.
Светлана Оралбаева – Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты. Ол «ҚазТАГ-тың» «Фридом Финансқа» қарсы ақпараттық шабуылының бастапқы кезеңінде негізгі спикерлердің бірі болды. 2025 жылдың көктемінде агенттік ұйымдастырған баспасөз конференциясында ол қаржы ұйымының лицензиясы жоқ екенін, биржада нақты мәміле жасалмайтынын мәлімдеген. Дәл осы дәлелденбеген мәлімдемеден кейін 2025 жылддың 2 қазанында брокер іскерлік беделін қорғау туралы азаматтық талап арыз берді.
2026 жылдың ақпанында Алматының Медеу аудандық соты бұл талап арызды толық қанағаттандырып, таратылған мәліметтерді жалған деп таныды және оны теріске шығаруға міндеттеді. 2026 жылдың 6 шілдесінде Светлана Оралбаева «Фридом Финанс» АҚ-пен медиативтік келісімге ресми түрде қол қойды. Адвокат бұрынғы мәлімдемелерінен толықтай бас тартып, кәсіби тұрғыда аңғалдық танытып, ақпаратты тексермегенін мойындады.