Экономика

Ozon акциясы 10%-ға құлады: инвесторлар неден қорықты

Ozon қоймасы / фото: desinger

Ozon акциялары 20 шілдедегі саудада шамамен 10%-ға арзандады. Бағалы қағаздардың күрт төмендеуіне компанияның қаржылық есебі емес, демалыс күндері болған оқиға әсер етті.

18 шілдеге қараған түні Ресейдегі Wildberries компаниясының Электросталь және Котовск қалаларындағы екі ірі логистикалық орталығы дрон шабуылынан кейін зақымданып, өрт шыққан. Сарапшылар Wildberries-тің жалпы шығыны ондаған миллиард рубльге жетуі мүмкін деп бағалап отыр.

OZON акция бағасы / фото: Investing.com

Wildberries биржада саудаланбайды. Сондықтан инвесторлардың онлайн сауда мен қойма инфрақұрылымына қатысты алаңдаушылығы осы сектордағы ірі жария компания – Ozon акциясына бағытталды. Нарық қатысушылары мұндай шабуылдар басқа маркетплейстердің қоймаларына да қауіп төндіруі мүмкін деп есептеп, акцияларды жаппай сата бастады. Ozon-ның өз инфрақұрылымына зақым келгені туралы ақпарат жоқ.

Қойма – маркетплейс бизнесінің ең маңызды буыны. Сарапшылардың пікірінше оның жұмысы тоқтаса, тауарларды қабылдау, сұрыптау және клиентке жеткізу баяулайды. Бұған қоса, жоғалған тауардың шығынын компания ма, сатушы ма, әлде сақтандыру ұйымы өтейтіні туралы мәселе туындайды.

Ozon мен Wildberries бұған дейін әскери әрекеттер мен дрон шабуылдарын форс-мажор жағдайына жатқызып, сатушыларға өтемақы төлеу тәртібін өзгерткен еді. Бұл жаңалық инвесторлардың логистикалық шығындар мен сатушылардың маркетплейстерге деген сеніміне қатысты қауіпін күшейтті.

Қазіргі құлдырау Ozon бизнесінің нақты шығынға ұшырағанын емес, нарықтағы үрейдің күшейгенін көрсетеді. Акцияның әрі қарайғы қозғалысы жаңа шабуылдардың болуына, компания қоймаларының қауіпсіздігіне және сатушыларға өтемақы төлеу мәселесінің қалай шешілетініне байланысты болады.