Қазақстанда қай акция ең көп табыс әкелді: 14 компанияның нәтижесі

Жарияланды 4 Тамыз 2026 12:08

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Отандық компаниялардың акция бағаларының өзгерісі / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстан қор нарығында шілде айының қорытындысы әркелкі қалыптасты. Бірқатар акция бір айда айтарлықтай қымбаттағанымен, олардың жыл басынан бергі нәтижесі әлі де теріс мәнде. Ал кейбір қағаздар шілдеде арзандағанына қарамастан, қаңтардан бері инвесторларға табыс әкелді. Kursiv Media отандық акциялардың баға өзгерісін талдап көрді.

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Өсім көрсеткендер

Жыл басынан бері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары қатты қымбаттады. KMGZ бағасы 5 қаңтардағы 21 919 теңгеден 31 шілдеде 34 772 теңгеге дейін көтеріліп, 58,64% өсті. Екінші орында Solidcore Resources акциясы тұр: оның бағасы 42,63%-ға өсті.

Freedom Holding Corp акциялары жыл басынан бері 20,28%-ға, ал «ҚазТрансОйл» қағаздары 16,17%-ға қымбаттады.

Шілденің өзінде ең жақсы нәтижені Freedom Holding Corp акциясы көрсетті. Оның бағасы бір айда 16,78%-ға өсті. Solidcore Resources акциялары 12,50%-ға, Қазақтелеком 8,03%-ға, Air Astana 5,07%-ға және Halyk Bank 4,80%-ға қымбаттады.

Шілде айы өсім көрсеткенімен, қаңтардағы көрсеткіштен де төмен

Алайда бір айлық өсім жыл басынан бергі шығынды өтей алмады. Мысалы, Қазақтелеком акциялары шілдеде 8,03%-ға көтерілгенімен, жыл басынан бергі көрсеткіштен әлі де 2%-ға арзан. Air Astana қағаздары бір айда 5,07%-ға өскенімен, қаңтармен салыстырғанда 22,37%-ға арзан. KEGOC акциялары да шілдеде аздап, 0,13%-ға өсті, бірақ жыл басынан бері 7,03% жоғалтты.

Керісінше, кейбір акциялар шілдеде арзандағанымен, жыл басынан бергі нәтижесін оң деңгейде сақтап қалды. Қазатомөнеркәсіп акциялары бір айда 7,26%-ға төмендеді, бірақ жыл басынан бері 8,23%-ға қымбат.

«ҚазТрансОйл» шілдеде 2,52%-ға арзандағанымен, қаңтардан бері 16,17% өсім көрсетіп отыр. Kaspi.kz акциялары шілдеде 0,27% арзандап, ал жыл басынан бергі өсімі 3,27%-ды құрады.

Қай компания акциялары арзандады

Ең әлсіз нәтижені ForteBank акциялары байқатты ASBN тикерін иеленген бағалы қағаз бағасы жыл басынан бері 41,29%-ға төмендеді. GB Altyn акциялары 34,32%-ға, ал Air Astana қағаздары 22,37%-ға арзандады.

Осылайша, жылдың алғашқы жеті айында мұнай-газ секторындағы акциялар көш бастаса, банк және авиация секторындағы жекелеген қағаздар қысымға түсті.

Сондай-ақ оқыңыз