Қазақстан КҚК терминалындағы танкерлерге жасалған шабуыл үшін өтемақы талап етпек

Қазақстан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалындағы танкерлерге жасалған дрон шабуылын қатаң айыптады. Сыртқы істер министрлігі мұны елдің экономикалық мүддесіне төнген тікелей қауіп деп мәлімдеді. Сондай-ақ бұл әлемдік энергетика нарығын тұрақсыздандырады. Осы ретте Астана халықаралық құқық аясында шығынды өндіріп алуға құқылы екенін ескертті.
Терминалға жасалған шабуыл
19 шілдеге қараған түні Новороссийск маңындағы КҚК терминалына дрон шабуыл жасады. Соққы ВПУ-1 және ВПУ-3 айлақтарында тұрған «ASIA» және «NISSOS IOS» танкерлеріне тиді.
«ASIA» танкерінде «Теңізшевройл» компаниясының мұнайы болған. Шабуылдан кейін кемеде өрт шығып, оны құтқарушылар жылдам сөндірді. «NISSOS IOS» танкеріне «Kashagan B.V.» және «Матен» компанияларының мұнайы тиелген.
Қазір мұнай құю жұмыстары уақытша тоқтатылды. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Теңізге мұнай төгілмеген. Кемелер су бетінде тұр, қазір бүлінген жерлері тексеріліп жатыр.
Азаматтық кеме туралы ереже бұзылған
Қазақстан СІМ шабуыл жасағандардың азаматтық кемелер туралы ережені бұзғанын айтты. Бұл кеме экипаждарының өміріне қауіп төндірді. Астана әлемдік қоғамдастықты шабуылдарды тоқтатуға және оны айыптауға шақырды.
КҚК өкілдері мұны бейбіт нысанға жасалған террористік шабуыл деп атады. Бұл – консорциум инфрақұрылымына жасалған бесінші шабуыл.
КҚК құбыры – Қазақстан мұнайын сыртқа шығаратын басты бағыт. Осы жүйе арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнайы тасымалданады.
2025 жылы терминал арқылы 70,5 млн тонна мұнай жөнелтілді. Оның 75%-дан астамы «Теңізшевройл», ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз», Eni және Shell сияқты алпауыт мұнай компанияларына тиесілі. Энергетика министрлігі терминал құрылғыларының аман екенін хабарлады. Қазір экспорт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қарастырылып жатыр.