Қазақстанда егін орағы басталды: алғашқы өнім өткен жылдан екі есе жоғары

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
урожай
Қазақстанда егін орағы басталды / shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Еліміздің 8 өңірі мен Шымкент қаласының аграршылары егін жинау науқанын бастап кетті. Алғашқы көрсеткіштер бойынша биылғы егіс алқаптарының өнімділігі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір жоғары. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 1,7 есеге артты, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ел қамбасына 634 мың тонна дәнді дақыл құйылды. Орташа өнімділік гектарына 20,6 центнерді құрап отыр, бұл былтырғы көрсеткіштен (12,2 ц/га) әлдеқайда жоғары. Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласының шаруалары егінге бірінші болып орақ салды.

Басты дақылдардың өнімі өскен. Мәселен, бидайдың орташа өнімділігі гектарына 19,1 центнерге жетіп, жалпы 461,2 мың тонна жиналды. Ал арпа өсірушілердің көрсеткіші екі есеге артып, әр гектардан 17 центнерден өнім алынуда.

Диқандарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 401 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар егістік алқаптарында 200 мыңнан астам трактор мен топырақ өңдеу техникасы, 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені үзіліссіз жұмыс істеп жатыр.

Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит беру үшін 700 млрд теңге бөлінді. Жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық.

Сондай-ақ оқыңыз